Бойжеткен 2026 жылғы 15 маусымда Түркияның Анталья қаласында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан. ҚР Сыртқы істер министрлігі марқұмның отбасына барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
СІМ мәліметінше, қаза тапқан азаматтың денесі Түркиядан отанына 17 маусымда жеткізілді. Репатриация жұмыстары бойжеткеннің жұмыс берушісі мен серіктес ұйымдардың қолдауымен тегін негізде ұйымдастырылған.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 15 маусымда Антальяда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Әдия Алмабектің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады. Қазақстанның Антальядағы Бас консулдығы құжаттарды ресімдеуге көмектесу, жергілікті органдарымен өзара іс-қимыл жасау және денесін репатриациялауды ұйымдастыруды қоса алғанда, барлық қажетті консулдық-құқықтық жәрдем көрсетті, – деп хабарлады ведомстводан.
Министрлік сонымен қатар, бұл мәселе Бас консулдықтың бақылауында екенін айтты. ҚР дипломаттары бұл мәселе бойынша құзыретті органдармен өзара іс-қимылды жалғастыруда.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда 27 жастағы Қазақстан азаматы қаза тапқан болатын.