Түркияда қалған Қазақстан азаматтарына сондағы қандастар көмектесті

9 Қаңтар 2022, 13:36
1722
Бөлісу:
Түркияда қалған Қазақстан азаматтарына сондағы қандастар көмектесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркияда уақытша жүрген мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Равиль Арыстанбеков бірнеше күн бұрын Ыстамбұлға қыдырып келген еді. Енді Қазақстанға қайта алмай отыр. Шарасыз қалған отандасымызға Түркиядағы қандастарымыз қол ұшын берді. 

Кеше Ыстамбұлдың аэропортынан ұша алмай қалдық. Өйткені Қазақстаннан самолет ұшқан жоқ. Сол кезде Ыстамбұлдағы қазақ бауырларымыз келіп көмектесті. Олар бізді аэропорттан алып келіп, орналастырып, тамақтандырып, жататын жер берді - дейді Равиль Арыстанбеков. 

Алыста болса да, жүрегі қазағым деген соққан түркиялық қандастарымыз дер кезінде жұмылып, жолда қалған жолаушыларға демеу болды. Қазақы дәстүрге сай, арнайы мал сойып, ыстық тамақ, жатын орынмен қамтамасыз етті. 

Осындай жағдайда енді біз қазақ болып, бір бола алмасақ, тірі бола алмасақ басқа ешуақытта бірлігімізді қорғай алмаймыз. Қазақ- қай жерде жүрсе де қазақ. Оның айырмашылығы жоқ. Біздің бір қазақстанымыз бар. Сол бір Қазақстанымыздың халқы үшін бәрін істеуге дайынбыз, - деді қандас Жанымхан Жаналтай.

Қиналған жұртқа көмек көрсетіп жатқандардың арасында өзіміздің отандастарымыз да бар. 

Біздің осы кездегі бірлігіміз өте қатты білінді, көрінді. Бауырларымызға деген ыстық ықыласымызды байқадық. Енді қолдан келгенше елімізде болмасақ та, осы жақта қалған қазақтарға осылай қолдау білдіруге тырысып жатырмыз, - ерікті Меруерт Серікбайқызы. 

Түркияда оқып жатқан қазақстандық жастар жұмылып, уақытша елге қайта алмай қалған жолаушыларға көмек көрсетіп жатыр. 

Біз енді материалдық көмек көп болмаса да, моральдық көмек беруге келдік. Осы жаққа 70-100 шақты адамның келетінін естідік. Керекті азық-түлік тізімін және келген адамның тізімін жасадық, -деді студент Аслан Серік. 

Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркияда уақытша жүрген мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай қалған. Сондықтан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Ыстамбұлдағы Бас консулдығы арнайы штаб құрып, жолаушыларға құқықтық-ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр. Жолда кідірген жолаушылардың алдыңғы легі кеше елге аттанды.

Өзгелердің жаңалығы