Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түркияда орман өрттері салдарынан Измир халықаралық әуежайы уақытша жабылды

30 Маусым 2025, 07:47
461
Бөлісу:
 istockphoto.com
Фото: istockphoto.com

Түркияның Измир қаласындағы Аднан Мендерес халықаралық әуежайы провинцияда өршіп тұрған орман өрттеріне байланысты 29 маусымда уақытша жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ Milliyet басылымына сілтеме жасап.

Әуежай рейстерді қабылдау мен жөнелтуді тоқтатты. Бұған қою түтін, жалғасып жатқан өрт және өрт сөндіру авиациясының белсенді жұмысы себеп болған. Кейбір рейстер басқа қалалардың әуежайларына бағытталды. Ресми ақпаратқа сәйкес, әуежай қалыпты жұмысына өрт толық бақылауға алынғаннан кейін ғана қайта оралады.

Өрт 25 маусымда Измир провинциясындағы таулы аймақта басталған. Қауіпті аумақтан кем дегенде 20 үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Өртті сөндіру үшін жеті ұшақ, 14 тікұшақ, 24 су тасымалдаушы техника және кемінде алты бульдозер жұмылдырылды. Екі тұрғын үйдің өрттен зақымданғаны анықталды.

Измирдегі жағдай – Түркияда жаз айларында жиі қайталанатын орман өрттерінің соңы ауыр салдарға әкеп соғатын қауіпті көріністерінің бірі. Қазіргі таңда өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтері апаттың зардаптарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы