Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйытқысымен өткен іс-шараны саясаткерлер, қоғамдық қайраткерлер, шетелдік дипломатия миссия өкілдері мен қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады. Рухты көтеретін күйлердің санында шек жоқ. Баба аспап үні күй болып төгіліп, ән болып қалықтады, деп жазды Хабар24.
Мерекелік кештің алқисасы Құрманғазының асыл мұраларының бірі «Балбырауын» күйімен басталды. Түркияның шартарабынан бас қосқан домбырашыларды 4 ай бойы Қазақстанның мәдениет қайраткері Елмира Ескендірқызы Шендұран дайындапты. Оркестр құрамында қазақ-түрік музыканттарынан бөлек татар, ноғай, жапон халқының өкілдері де бар. Қазақстан және Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі Меруеш Башай «Әгугай домбыра» және «Домбырасыз сән қайда» әнін шырқады. Түркияда қазақтың қасиетті құралын дәріптеп жүрген Шәмшігүл Жүсіпова мен түрік музыканты Седат Солакоғлұ қазақ-түрік әйгілі әуендерінен поппури шертті. Сондай-ақ Түркі дүниесі оркестрінің музыканты, белгілі композитор Ирфан Гүрдал Қорқыт Атаға арналған туындысын орындады.
Биылғы Ұлттық домбыра күні Түркияда карантин талаптары жеңілдегендіктен бе мерекелік шараны тамашалауға жиналғандардың қарасы көп болды. Күмбірлеген домбыраны тамсанып тыңдаған түрік жұрты ақжарма тілектерін білдірді.
Керемет күн. Бізге де жұғысты болсын. Елімізде де домбыра күні секілді басқа музыкалық аспаптарымыздың да мейрамы белгіленсін деп тілеймін. Бүгінгі кеште өзімді атажұртта секілді сезіндім, - деді түрік депутаты Метин Гүндоғду.
Домбыра әуені бізді таңғажайып табиғатқа жетеледі. Анадолыдағы саз аспабының атасы домбыра. Осындай іс-шаралар арқылы Орталық Азияның әуені Ыстамбұлға, Анкараның үні Түркістанға жетеді, - деді Зейнеп Кошкер.
Ұлттық аспапты жаңғыртқан Ұлттық домбыра күні түрік астанасының басқа жерлерінде тойланбақ. Бұл жолғы мәдени шара су жаңа Түркі тарихы саябағында ұйымдастырылмақ. «Домбыра күнін» атап өту шаралары түркі елінде де дәстүрге айналып, келесі жылы да жалғасын таппақ.