Түркия жалған ақпаратты анықтайтын ЖИ модельдерін дамытып жатыр

 freepik.com 16 Қазан 2026, 11:00
16 Қазан 2026, 11:00
114
Фото: freepik.com

Түркияның Жалған ақпаратпен күрес орталығы жинақтаған тәжірибе халықаралық ашық деректер экожүйесіне шығарылды. Енді бұл бағытта жасанды интеллект модельдерін дамытуға және медиасауаттылықты арттыруға басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Түркия жасанды интеллект дәуірінде жалған ақпаратпен күресуге және ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға басымдық беріп отыр. Елдің Президент Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасы бұл бағытта түркі мемлекеттерімен тәжірибе алмасуды және бірлескен мүмкіндіктерді дамытуды көздейді. Бұл туралы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының БАҚ және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысында Түркия Республикасы Президентінің коммуникациялар бойынша әкімшілігі басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи мәлімдеді.

Оның айтуынша, жасанды интеллект ақпаратты әзірлеу мен таратуды жеңілдеткенімен, жалған ақпарат пен қолдан жасалған контентке байланысты жаңа қауіптерді де туындатып отыр.

«Жасанды интеллект ақпараттың қауіпсіздігі мен коммуникация экожүйесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Жасанды интеллект технологиялары контент әзірлеу мен таратуды жеңілдеткенімен, жалған ақпарат пен қолдан жасалған материалдарға байланысты елеулі қауіптерді де туындатады», – деді спикер.

Осыған байланысты Түркия ақпараттық қауіптерге қарсы тұру, медиасауаттылықты дамыту және жасанды интеллектіні адам мүддесіне сай пайдалану мәселелерін маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

Жалған ақпаратпен күрес орталығының тәжірибесі

Спикердің сөзінше, Түркияның Коммуникациялар басқармасы жанындағы Жалған ақпаратпен күрес орталығы 2022 жылы құрылған. Орталық осы уақыт ішінде жинақтаған тәжірибесін 2026 жылғы мамырда Hami Peace платформасы арқылы халықаралық ашық деректер экожүйесіне шығарған.

Бұл қадам түрік тіліндегі жалған ақпаратты анықтайтын жасанды интеллект модельдерін дамытуға, академиялық зерттеулерге және медиасауаттылықты арттыруға үлес қосуға бағытталған.

«Біз түркі елдері арасында осы бағыттар бойынша тәжірибе алмасуды арттыруды және жалған ақпаратқа қарсы бірлескен әлеуетті дамытуды маңызды санаймыз», – деді Түркия өкілі.

Ол ақпараттың жылдам таралатын цифрлық ортада азаматтардың медиасауаттылығын арттыру ерекше маңызды екенін атап өтті. Адамдар ақпарат көздерін бағалай білуі, тексерілген деректерді жалған мәліметтен ажыратуы және цифрлық платформалардың ықпалын түсінуі қажет.

Анкарада жастар саммиті өтті

Түркия жалған ақпаратпен күреске жастарды тартуға да назар аударып отыр. Спикердің мәліметінше, 2026 жылғы 20 мамырда Анкарада Жалған ақпаратпен күрес жөніндегі ұлттық жастар саммиті өткен.

Сонымен қатар Түркия дағдарыс кезінде шынайы ақпаратты жедел жеткізу, ерте ескерту тетіктерін жетілдіру және медиасауаттылықты нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Түркия тарапы жасанды интеллектіні елдің цифрлық дамуының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Осы мақсатта қауіпсіз, отандық және мемлекеттік сектордың ортақ пайдалануына арналған жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Спикердің айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында да ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша ортақ тәсіл қалыптастырып, тәжірибе алмасуды күшейту қажет. Бұл елдердің жалған ақпаратқа қарсы тұру мүмкіндіктерін арттыруға көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Түркі елдері ортақ ақпараттық кеңістік құруды көздейті хабарланды. 

Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік тұрғысында Түркі елдерінің алдында қандай міндет тұрғаны айтылды. 

Наверх