Ақпараттық қауіпсіздік: Түркі елдерінің алдында қандай міндет тұр?

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 16 Қазан 2026, 10:51
16 Қазан 2026, 10:51
54
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Жасанды интеллект ақпаратты әзірлеу мен таратуды жеңілдеткенімен, жалған бейне, жасанды аудиожазба және манипуляциялық контентті анықтау жұмысын күрделендіріп отыр. Бұл туралы Әзербайжан Республикасының БАҚ және хабар тарату кеңесінің халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Расим Багиров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кәсіби журналистиканы, медиасауаттылықты және ақпаратты тексеру дағдыларын қатар дамыту қажет.

Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының БАҚ және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысында жасанды интеллект дәуіріндегі ақпараттық саясат мәселесі талқыланды.

Расим Багировтың айтуынша, жасанды интеллект ақпаратты өндіру, тарату, аудару және тұтыну тәсілдерін өзгертіп жатыр. Бұл технология кәсіби журналистиканы жетілдіруге және қоғаммен байланысты жақсартуға мүмкіндік береді. Алайда оның қолжетімді болуы ақпаратты тексеруге қатысты жаңа қиындықтар туғызады.

Жасанды интеллект ақпаратты өндіру, тарату, аудару және тұтыну тәсілдерін өзгертуде. Ол кәсіби журналистиканың сапасын арттыруға және қоғаммен коммуникацияны жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңделген суреттердің, жасанды жолмен жасалған аудио мен бейнематериалдардың көбеюі ақпаратты тексеру жұмысын күрделендіріп отыр, – деді Расим Багиров.

Оның сөзінше, технологияларды қолданған кезде адамның бақылауы, редакциялық жауапкершілік және құпия ақпаратты қорғау басты қағидаттар болып қалуға тиіс.

Мемлекеттік мекемелер халыққа түсінікті, нақты әрі қолжетімді ақпарат ұсынуға ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл белгісіздікті азайтып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға көмектеседі, – деді ол.

Расим Багиров жасанды интеллект ақпаратты талдау, аудару және коммуникациялық материалдар әзірлеу кезінде пайдалы бола алатынын атап өтті. Бірақ мұндай жұмыста ақпараттың дәлдігі мен құпиялылығы сақталып, түпкілікті жауапкершілік адамға жүктелуі керек.

Оның айтуынша, елдер арасындағы ынтымақтастық ақпараттық қауіптерге қарсы күрес тәжірибесімен алмасуға және материалдарды кәсіби тексеру әдістерін жетілдіруге көмектеседі.

Медиасауаттылықтың маңызы

Спикер жалған ақпаратпен және идеологиялық манипуляциялармен күресте медиасауаттылықтың орны ерекше екенін айтты.

Азаматтар ақпарат көздерін бағалай білуі, тексерілген журналистік материалдарды жаңылыстыратын контенттен ажырата алуы және цифрлық платформалар мен жасанды интеллектінің ақпаратқа ықпалын түсінуі керек, – деді Расим Багиров.

Ол Әзербайжанда жыл сайын өткізілетін Медиасауаттылық апталығы медиа мамандарын, педагогтерді, жастарды және халықаралық сарапшыларды, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өкілдерін біріктіретінін айтты.

2025 жылғы желтоқсанда өткен цифрландыру, жасанды интеллект және медиасауаттылық жөніндегі конференцияда да технологиялық өзгерістер мен қоғамның ақпаратты саналы қабылдауы арасындағы байланыс талқыланған.

Спикердің пікірінше, мұндай кездесулер мен тәжірибе алмасу қоғамның ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауына және жауапкершілікпен қабылдауына ықпал етеді.

Өңірлік журналистиканы қолдау қажет

Расим Багиров кәсіби медианы, әсіресе өңірлік ақпарат құралдарын қолдау және цифрлық медиа саласына маман даярлау мәселесіне де тоқталды.

Бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе өңірлік медианы қолдау және цифрлық медиа индустриясына кәсіби мамандар даярлау аса маңызды, – деді ол.

Оның айтуынша, журналистердің жаңа технологияларға бейімделуіне көмектесу сенімді ақпаратқа қолжетімділікті жақсартып, өңірлердің көзқарасын ақпараттық кеңістікте кеңірек көрсетуге мүмкіндік береді.

Оқыту бағдарламаларында ақпаратты тексеру, мультимедиалық өнімдер әзірлеу, цифрлық қауіпсіздік және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелері қамтылуы керек.

Медиа ұйымдары, университеттер мен оқу орталықтары арасындағы ынтымақтастық білім беру бағдарламаларын кәсіби қажеттіліктерге сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Ал бірлескен зерттеулер мен академиялық алмасу аудиторияның мінез-құлқы қалай өзгеріп жатқанын және жалған ақпаратқа қарсы күрестің қандай тәсілдері тиімді екенін тереңірек түсінуге көмектеседі.

Расим Багировтың сөзінше, жаңа технологияларды игерумен қатар, сенімді ақпаратты қорғау, кәсіби жауапкершілікті сақтау және азаматтардың медиасауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыс та жалғасқаны абзал.

Еске салсақ, бұған дейін Расим Багиров түркі мемлекеттері арасындағы медиа байланыстарды нығайту, ақпарат алмасуды жандандыру және бірлескен жобаларды көбейту қажет екенін айтты.

Наверх