Түркі елдері ортақ ақпараттық кеңістік құруды көздейді

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 16 Қазан 2026, 10:43
16 Қазан 2026, 10:43
64
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының БАҚ және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысы өтіп жатыр. Жиында сөз алған Әзербайжан Республикасының БАҚ және хабар тарату кеңесінің халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Расим Багиров түркі мемлекеттері арасындағы медиа байланыстарды нығайту, ақпарат алмасуды жандандыру және бірлескен жобаларды көбейту қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы медиа және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты Әзербайжанның түркі әлемімен қарым-қатынасының маңызды бөлігі деп атады.

Әзербайжан үшін Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы медиа және ақпарат саласындағы ынтымақтастық түркі әлемімен кең ауқымды қарым-қатынасымыздың маңызды бағыты саналады. Президент Ильхам Әлиевтің басшылығымен бұл байланыстарды нығайту сыртқы саясатымыздың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді, – деді Расим Багиров.

Оның айтуынша, ортақ мәдени және тарихи мұра елдер арасындағы жақындастыққа негіз болады. Ал мемлекеттік мекемелер мен медиа ұйымдар арасындағы тұрақты диалог осы байланысты іс жүзіндегі әріптестікке айналдыруға мүмкіндік береді.

Ортақ мәдени және тарихи мұрамыз тығыз ынтымақтастыққа берік негіз қалайды. Мекемелеріміз арасындағы тұрақты диалог осы байланысты нақты әріптестікке айналдырып, қоғамдарымызды жақындастыруға және өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді, – деді ол.

Расим Багиров Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті. Оның сөзінше, сенімді жаңалықтармен тұрақты алмасу, ақпарат агенттіктері мен телерадио хабар таратушылар арасындағы байланысты нығайту ортақ мақсаттарды нақты нәтижеге жеткізеді.

Ол Түркі ақпарат агенттіктері альянсын (ATNA) мемлекеттердің ақпарат саласындағы тікелей ынтымақтастығының мүмкіндігін көрсететін мысал ретінде атады.

Бірлескен деректі фильмдер, мәдени және білім беру бағдарламалары, медиа жобалармен алмасу өзара түсіністікті тереңдетіп, түркі әлемінің көзқарасын халықаралық аудиторияға танытуға мүмкіндік береді, – деді спикер.

Оның айтуынша, журналистердің кәсіби тәжірибе алмасуы мен медиа турлар да маңызды. Мұндай сапарлар журналистерге серіктес елдердегі жағдаймен тікелей танысуға мүмкіндік береді.

Расим Багиров Әзербайжанның Түркия, Қазақстан және Өзбекстанмен байланыстарына да тоқталды.

Оның мәліметінше, Түркиямен стратегиялық медиа ынтымақтастығы 2020 жылы қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум негізінде дамып келеді. Ал 2026 жылғы наурызда Әзербайжан мен Түркияның Бірлескен медиа платформасы аясында бірлескен жұмыс комиссиясы мен комитеттер құруға қатысты құжатқа қол қойылған.

Қазақстанмен ынтымақтастық та бірқатар келісім арқылы жалғасып келеді. Спикер 2022 жылы қол қойылған меморандумды, сондай-ақ 2024 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен және Орталық коммуникациялар қызметімен жасалған келісімдерді атап өтті.

Өзбекстанмен медиа саласындағы байланыс 2022 жылғы меморандум және 2023 жылы қол қойылған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы аясында өрістеген. Бұл құжаттар өзара медиа турлар өткізуге, оқыту іс-шараларын ұйымдастыруға, журналистер мен мемлекеттік мекемелердің коммуникация өкілдері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген.

Расим Багировтың айтуынша, 2024 жылы Ташкентте және 2025 жылы Бакуде өткен медиафорумдар да елдер арасындағы диалогты нығайтқан. Бұл кездесулерде жалған ақпарат пен цифрлық трансформация мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Біздің ортақ мақсатымыз – технологиялық жаңашылдық сенімді ақпарат пен қоғамдық сенімді нығайтуға қызмет етуін қамтамасыз ету, – деді ол.

Спикер түркі мемлекеттері арасындағы байланысты одан әрі дамыту үшін бұрыннан қалыптасқан әріптестікті жалғастырып, ортақ мақсаттарды нақты жобаларға айналдыру қажет екенін айтты.

Айта кетейік, Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы медиа және ақпарат мәселелерін талқылап жатыр.

Жиында ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман жасанды интеллектінің медиа саласына ықпалы, жалған ақпаратпен күрес және түркі мемлекеттері арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды.

Наверх