Түркия елшісі қазақстандық құтқарушыларға алғысын айтты

25 Тамыз 2021, 16:17
3654
Бөлісу:
Түркия елшісі қазақстандық құтқарушыларға алғысын айтты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қазақстандық құтқарушылар Түркиядан оралды. Оларды ТЖМ басшысымен бірге елорда әуежайынан Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи күтіп алды.

Дипломат Түркиядан оралған құтқарушыларды күтіп алуға келгеніне өте қуанышты екенін жеткізді.

Түркия елшісі қазақстандық құтқарушыларға алғысын айтты

Әлемде соңғы уақытта климаттың өзгеруіне байланысты табиғи апаттар жиі болып жатыр. Түркия территориясында да жаз айларында өрт жиі тіркеледі. Биыл да құрғақшылыққа және климаттың өзгеруіне байланысты алапат болды. Шілде айының ортасында шамамен 200-дей орында өрт ошақтары болды. Өкінішке қарай, соңғы тіркелген өртте көлемі 180 мың алқап жанып кетті. Әрине, Түркия бауырлас, дос мемлекеттердің көмегі арқасында территориядағы бірнеше өртті сөндіре алды. Бауырластық пен достық байланыс осындай қиын уақыттарда сыналады, - деді ол.
Уфук Екиджи қиын сәтте қол ұшын созған бауырлас Қазақстан халқының қолдауы Түркия үшін маңызды екенін атап өтті.
Түркияның елшісі ретінде өз атымнан және Түркия халқының атынан қазақстандық құтқарушыларға, олардың отбасына атқарған еңбектері үшін алғыс айтқым келеді. Екі ел арасындағы өзара көмек көрсету болашақта жалғасын табады. Түркия да бауырлас Қазақстан елінің халқына көмек көрсетуге дайын, - деп атап өтті дипломат.
Ол өрт сөндіруге жіберілген көмек Қазақстан тарапынан алғаш рет көрсетіліп жатқанын айта кетті. Сөзінше, осындай төтенше жағдайларда өзара көмек көрсету жалғасады.
Әлемде табиғи апаттар болып тұрады. Осы ретте Түркия Қазақстанмен серіктестік жасауға әрдайым дайын. Тағы да экипаж бен олардың отбасына көрсеткен көмектері үшін алғыс айтамын, - деп қорытындылады елші өз сөзін.
Еске сала кетейік, Түркияның Анталья провинциясы Анталья мен Алания арасындағы Манавгат ауданында таулы жерде алапат өрт болған еді.

Тамыз айының басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ-тың Ми-8 АМТ екі тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өрттерін сөндіруге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына жіберді.

Бұған дейін Түркияға аттанған қазақстандық экипаждың елге оралғанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы