Түркістандық түлек әлемнің 80-нен астам жетекші университетінен шақырту алды

Қазіргі таңда түлек өзіне түскен көптеген ұсыныстың ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниетті.

 Оқу-ағарту министрлігі 7 Маусым 2026, 06:35
7 Маусым 2026, 06:35
691
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Қ.Аманжолов атындағы №22 жалпы білім беретін мектептің түлегі Нұрәлі Медина Бектұрсынқызы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан 80-нен астам ұсыныс алып, білім мен біліктілігінің жоғары деңгейін дәлелдеді.

Дарынды түлекке АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропаның беделді университеттері оқу және гранттық бағдарламалар бойынша ұсыныстар жолдаған. Халықаралық оқу орындары талапкердің академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттерін және қоғамдық белсенділігін жоғары бағалаған.

Нұрәлі Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарына түсуге қажетті академиялық даярлығын көрсетті.

Мектепте оқып жүрген кезінде ол ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысып, бірқатар жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, ағылшын тілі пәні бойынша «Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанды.

Қазіргі таңда түлек өзіне түскен көптеген ұсыныстың ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниетті. Оның мақсаты – сапалы халықаралық білім алып, болашақта жинаған тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсау.

Наверх