Түркістандық оқушылар инклюзивті қарым-қатынас дағдыларын үйренді

5 Қазан 2022, 09:28
1358
Бөлісу:
Түркістандық оқушылар инклюзивті қарым-қатынас дағдыларын үйренді

Шымкент қаласы және Түркістан облысының оқушылары арасында инклюзивті құндылықтарды дамытуға бағытталған «Тең мүмкіндіктерге бірге» ақпараттық науқанын қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алты айлық жұмыс барысында жоба командасы облыстағы 2500-ден астам баланы және 100 мектепті қамтыды. Жобаны Орталық Азияның Еуразия Қоры «Qolda 4.0» жедел көмек бағдарламасы шеңберінде іске асырып жатыр.

Науқан аясында жоба мамандары оқушылармен «Мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас этикасы» тақырыбында сыныптан тыс сабақтар сериясын өткізді. Сабақ барысында мазмұнды бөліктен басқа интерактивті ойындар, дамытпалы материалдармен жұмыс, арт-сессиялар өткізілді, мультфильмдер көрсетілді.

Науқанға қатысқан мектеп әкімшіліктері мамандарға алғыс білдіріп,  көзделген аудиторияны 6-8 сынып оқушыларына дейін кеңейту бойынша ұсыныстар берді. Мұғалімдер жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде оларда ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға сезімталдықты дамытудың маңыздылығын атап өтеді.

Сондай-ақ, жоба мамандары Шымкент қаласы және Түркістан облысының мектеп қызметкерлері арасында мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас этикасы бойынша әдістемелік ұсыныстар жинағын әзірлеп, таратты. Жинаққа мүгедектіктің әртүрлі санаттарындағы адамдармен қарым-қатынас кезінде қолданылатын әдістемелік нұсқаулар мен жалпы этикет ережелері кіреді.       

«Мүгедектігі бар адамдарға эмпатия мен төзімділікті дамыту бойынша жұмысты ерте жастан бастау маңызды. Бұл жеке тұлға мәдениетін дамытудағы ең құнды кезең – мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасы. Бұл жаста бала өзін қоршаған ортадан ажырата бастайды: қоршаған ортаға эмоциялық-құндылық қатынасы дамып, адамның моральдық ұстанымдарының негіздері қалыптасады. Осы кезеңде балаларға мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас этикасын сақтау туралы барынша толық білім беру өте маңызды», – деп атап өтті науқанды ұйымдастырушылардың бірі, дефектолог маман Анастасия Урюпина.

Жоба командасы жобаны кеңейтуді және Қазақстанның басқа өңірлерін қамтуды жоспарлап отыр.

 

Өзгелердің жаңалығы