Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімдігі мен мәслихатының атынан елордалық өнер қайраткерлері Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебіне арнайы ат басын бұрып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мектеп оқушыларына музыкалық аспаптарды тарту етті.
Бұл туралы «Музыкалық жас көрермен» театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Төрт қақпалы Түркістанның төрінде бой көтерген «Ақжайық» музыка мектебі жаңа аспаптармен толықты. Тарту еткен елордалық өнер сүйер азаматтарының бұл сыйлығы түркістандықтарға аспаннан аспаптар жауған күнге теңеген қуаныш сыйлаған күн болды.
Түркістан - тек облыс орталығы ғана емес, бүкіл түркі әлемінің астанасына айналып отыр. Осындай бір керемет заманауи үлгіде салынған мәдениет ошақтарының ішінен талай еліміздің өнер саласының майталмандары тәрбиеленіп шығады деп ойлаймын. Міне, бүгін өнер көрсеткен 138 баланың әрқайсысы әр бағытта таңдаған өнерлері бар екеніне көзімізді жеткіздік. Сол балаларға толық білім алулары үшін, өздерінің мәдени және рухани талпыныстарын арттыру үшін осы музыкалық аспаптарды сыйлап отырмыз, - деді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов.
Заманауи үлгіде салынған мектепте 138 оқушы бала өнердің 10-нан аса түрінен дәріс алады. Атап айтқанда, домбыра, қобыз, жетіген, фортепиано, скрипка, вокал, ұрмалы аспаптар, ән-терме, баян және саксофон. Үйірмелерге консерватория түлектері ұстаздық етіп, оқушылар республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді.
Кез келген мемлекеттің ертеңі – ол өскелең ұрпақ екені заңдылық. Әсіресе, елдің, ұлттың болашағы, әрине, ең бірінші дарынды, өнерлі, білімді, интелектуалды және зерделі ұрпақтың қолында. Сондықтан бүгін біз елордадан Түркістан қаласына арнайы ат басын бұрып, бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі іспеттес Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебіне елордалық әкімдік пен мәслихаттың, Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер қайраткерлерінің атынан арнайы тапсырыспен жасалған, сапасы өте мықты домбыра, қылқобыз, жетіген, баян, скрипка, прима-қобыз секілді аспаптарды алып келдік. Бұл аспаптар арқылы болашақта Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінде білім алып жатқан жас дарындар өздерінің таланттарын, шығармашылық әлеуетін көрсетіп, республикалық, халықаралық өнер сайыстарында топ жарып шығатынына сенемін, - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен» театрының директоры Асхат Маемиров.
Қос қабаттан тұратын сәулетті ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайықталған. Аталған мекеме мамандарының айтуынша, келешекте үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрып, көптеген халықаралық, түркі әлемі еліне барып қазақтың ұлттық аспаптары мен өнерін насихаттайтын болады.
Төрткүл дүниені көгілдір күмбезімен тәнті еткен киелі шаһардың талай талантты тәрбиелеп шығатынына сеніміміз мол.