Түркістандық полицейлер ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды

12 Қараша 2020, 11:03
2688
Бөлісу:
Түркістандық полицейлер ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыдан тоғыз жыл бұрын 12 қарашада болған қанды оқиға Жамбыл жұртшылығын ғана емес, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген еді.

Тараз көшелерінде елдің тыныштығын бұзған лаңкесті тоқтатамын деп полиция капитаны Ғазиз Байтасов оққа ұшты.  Ғазизбен бірге сол кезде оның бірнеше әріптестері де болды. Олардың қылмыскерді ұстау үшін жасаған әрекеттері ел есінде. Жан тәсілім еткен полицейлер мемлекет тарапынан да мадақталып, ерліктері бағаланды. Лаңкестің басқа да жазықсыз адамдарды өлтірмеуі үшін өз денесімен оның денесін бүркеп, сол жерде тіл қатпастан қаза тапқан Ғазиздің ерлігі мен оқиғасы жер-жерде жарияланып, айтылып жатты.  

Ел тыныштығы үшін жанын қиған Ғазизді Түркістан облысы Полиция департаментінің тәртіп сақшылары да ешқашан ұмытпайды. Сондықтан бүгін түркістандық сақшылар өздерінің жұмыстарын таңғы уақытта батырды еске алуға арналған үнсіздікпен бастады. Департамент алдына жеке құрам жиналып, халық қаһармандарының ерлігі туралы айтылды.  

Түркістандық полицейлер ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды

Еске алуға қатысқан Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков өз сөзінде: ерлік жасаған полицейлердің ісін әрдайым насихаттап, болашақ жастарды еліміздің патриоты болуға  үгіттеу керектігін жеткізді. Сондай-ақ қауіпті қызметтің мамандарына қырағылық пен сәттілік тіледі. Ерлік жасаған ерлердің есімі ел жадында мәңгі сақтаулы екендігін айтып өтті.  

Қауіптің бел ортасында жүретін полицейлердің жұмысы оңай емес. Олар қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, қиындыққа тап болған қаншама жанды ажалдан арашалап, өмірлерін құтқарып қалады. Ерлік жасаған полицейлердің барлығын қызметте, дін аман деп айта алмаймыз. Басым көпшілігі жанкештілікпен қызметте қаза тапқандар. Олар өзгелердің өмір сүруі үшін өздерінің өмірлерін тәуекелге тіккендер.  

Ғазиз секілді ерлік жасаған Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері де аз емес. Олардың саны жиырмаға жуық. Атап айтар болсақ, Н.Байтіленов, Тайыр Шералиев, Ақдәулет Сандыбаев, Асқар Жәрдембаев, Жолдасбек Бөкенбаев, Айтжан Гайбуллаев, Тимур Дөненов, Рысбай Құдайбергенов, Дәуренбек Жұмабаев, Данияр Егізбеков,Оралхан Шанбаев, Бибасар Отарбеков, Кемел Жумадилов, Нұржан Шойынбаев, Мұқтар Сарбаев т.б. Аталған полицейлер әр қилы жылдарда өздерінің батырлық іс-әрекеттерімен ел жадында сақтаулы.  

Мәселен, қызмет барысында қаза болған ең жас полицей Тайыр Шералиев туралы айтар болсақ. Ол 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан облысы) туған. Өзінің қызметін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасынан бастаған. Жас болса да қылмыскерлерге қарсы тұруда қаймықпайтын. Қызметінде қырағы да жауапкер маман болатын. 2009 жылы 8 шілде күні Тайыр өзінің қызметтес досымен бірге ауыр қылмыс жасаған күдіктіні ұстау мақсатымен Алматы қаласына барады. Сол жерде олар күдіктінің мекенжайын анықтап, оны тауып, қолына кісен сала бергенде әккі қылмыскер күтпеген жерден пышақ жұмсап, екі полиция қызметкерін ауыр жарақаттап, қашып кетеді. Тайыр мен серігі екеуі телефон арқылы жергілікті полицияны көмекке шақырады. Сөйтіп күдікті алысқа ұзай алмай, қолға түседі. Полиция аға лейтенанты Тайыр Шералиев сол ауыр жарақаттан 23 жасында ауруханада қайтыс болды. Бірақ өзінің қызметтік міндетін ақырына дейін абыроймен, ерлікпен атқарып кетті. Тайыр ҚР Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежедегі «Айбын» орденімен марапатталды, - деп еске алады әріптестері.

Сондықтан өскелең ұрпаққа антына адал болған полицейлердің даңқын дәріптеп, ерен ерлігін еске салып отыру болашақта патриотты да парасатты ерлердің ел қамы үшін қызмет ететініне кепіл болмақ!

Өзгелердің жаңалығы