Түркістандық азамат бұрын өзі қызмет еткен зауытты тонаған

29 Наурыз 2021, 19:49
1827
Бөлісу:
Түркістандық азамат бұрын өзі қызмет еткен зауытты тонаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрланған заттарды алып-сатуы мүмкін деген жерлерде тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізіп отырады. Осындай кезекті тексеру кезінде түлкібастық полицейлер темір сататын орында ұрланған электро-қозғалтқыштың барын анықтады. 

Содан полицейлер жүргізген жедел-іздестіру шарасы барысында, ұрланған заттың Т.Рысқұлов ауылында орналасқан зауыттардың біріне тиесілі екендігі белгілі болды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 000 теңгені құрады. Бұл жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. 

Белгілі болғандай, жәбірленуші тарап зауыттан электро-қозғалтқыштың ұрланғанынан хабарсыз болып шықты. Бірақ полицейлердің профилактикалық-рейдтік шараларды атқаруы кезінде, бұл ұрлық қылмысы ашылды. Дүкен иесінен жауап алу барысында, күдікті әлгі затты небары 3500 теңгеге сатып кеткені анықталды. Қылмысқа қатысы бар ер азаматтың жеке басы анықталып, ұсталды. Жергілікті тұрғын АПБ-не жеткізілді. Ол өз кінәсін мойындады. 

«Жау алыстан келмейді» дегендей, тергеу барысында күдікті1 жыл алдын осы мекемеде жұмыс істеген болып шықты. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған зат тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ қоймалардың және өзге де үй-жайлардың есіктері мен терезелерін сенімді құлыптар, темір торлармен нығайтуды ескертеді. Егер де, сіз, ұрлықтың құрбаны не куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.

Өзгелердің жаңалығы