Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес - Тоқаев

17 Маусым 2023, 11:55
874
Бөлісу:
Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес - Тоқаев
Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда, ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады, - деді Президент.

Президент бірнеше нысан трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілгенін айтты.

Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымыз бар. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр. Жақында ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ханым менің шақыруыммен Қазақстанда болды. Ол Түркістанға әдейі ат басын бұрды. Бұл – беделді халықаралық ұйым басшысының соңғы 10 жылда елімізге жасаған алғашқы сапары. Мен Азуле ханыммен арнайы кездестім. Ол маған Бурабай, Марқакөл қорықтары және «Ортеке» өнері ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін растайтын құжатты табыстады. Мұның бәрі Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытуға септігін тигізері сөзсіз, - деді ол.

Мемлекет басшысы салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет екенін айтты.

Бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет. Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан, байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы