Түркістанда «Жас сарбаз» слеті өтті

16 Мамыр 2022, 10:48
1329
Бөлісу:
Түркістанда «Жас сарбаз» слеті өтті
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес Ахмет Ясауи колледжінің базасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының слеті ұйымдастырылды. 

Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сана-сезімін арттыру, әскери борышты өтер алдындағы шеберліктерін шыңдау және әскери-патриоттық клубтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізілген бұл іс-шараға 30-ға жуық колледж командалары қатысты.

Слет барысында әскери дайындық түрлері мен квест ойындарының байқауы өтті. 

Бұл байқауға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев төрағалық еткен әділқазылар алқасы төрелік етті. 

Қазылар алқасында Түркістан қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен, қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамынан, Адами әлеуетті дамыту басқармасынан, облыстық «Жас сарбаз» қозғалысынан, ЖОО-нан өкілдер болды. Қызықты әрі тартысты өткен сайыстың нәтижесінде командалық есепте бірінші орынды Түркістандағы Ахмет Ясауи кәсіби колледжінің өрендері жеңіп алды. 

Екінші орынға Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі командасы ие болса, үшінші орынды №7 колледж сайыпқырандары еншіледі. Сонымен бірге слетте АК-74 қаруын толық емес бөлшектеп-жинақтау, пневматикалық қарудан атыс жүргізу және әскери әуенмен сапта жүруден де сайыстар ұйымдастырылды. 

Өзгелердің жаңалығы