Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері өз үйінен заңсыз ем қабылдау орнын ашып, дәрі-дәрмек сатқан тұрғынды анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-нің және аудан прокуратурасының қызметкерлері бірлесіп, қымбат бағада, заңсыз дәрі-дәрмек сатудың алдын алу, болдырмау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шарасы барысында, Ынтымақ ауылының тұрғыны анықталды. Ол үйінен заңсыз, стандартқа сай емес, лицензиясы жоқ ем қабылдау бөлмесін өздігінен ашып алып, келген науқастарға жоғары бағада дәрі-дәрмек препараттарын сатып, онымен қоса егіп беру кезінде ұсталды. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, анықталған заңсыз ем қабылдау орнынан айғақтық зат ретінде 28 түрлі дәрі-дәрмектердің 311 қорабын, 50 дана система, 100 дана шприц, 36 дана бетперде, 10 дана мақта тәркілеп алды. Тергеу барысында тұрғын дәрі-дәрмек препараттарын қымбат бағада сатқанын мойындады, - делінген хабарламада.
Аталған жайт Келес АПБ-не тіркеліп, заңдылығын тексеру үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігіне бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасына жолданды. Жалпы Түркістан облысы полицейлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз дәрі сату жайттарын анықтауға байланысты тапсырмасын орындау мақсатында қарқынды жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнге дейін облыс полицейлері заңсыз үстеме бағамен дәрі сатудың 25 жайтын анықтап, 2 мыңға жуық дәрі-дәрмекті тәркілеп алған.