Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда қыз алып қашқандарға сот үкім кесті. Төрт айыпталушының ісі қалалық сотта жабық есік жағдайында қаралды. "Астана" телеарнасының хабарлауынша, 20 жастағы бойжеткенді еркінен тыс ұрлап, көндіру үшін зорлағандардың алды 8 жылға жаза арқалаған.
Сот үкімімен 3 сотталушыға қатысты "Адам ұрлау" бабымен әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сондай-ақ, тағы бір сотталушыға қатысты "Адам ұрлау" және "Зорлау" баптары бойынша түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыруға үкім кесілді, - деді Түркістан қалалық сотының төрағасы Айгүл Жаңбырбаева.
Еске сала кетсек, бұл оқиға былтыр 3 желтоқсанда болған еді. 20 жастағы бойжеткенді таңертең оқуға бара жатқан жерінен төрт жігіт көлікке басып салып, алып кеткен. Қызды көндіру үшін Шымкенттегі туыстарының үйіне әкеліп, болашақ "күйеу" жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданған. Тіпті, өміріне қауіп төндіріп, еркінен тыс зорлағаны сотта дәлелденді.