«Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстел аяқталған соң, Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда:
1. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra арасындағы Түркістан облысы Созақ ауданы Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісім;
2. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен SACE арасындағы экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобалар жөнінде Италияның қатысуымен жасалған мәмілелерді сақтандыру лимитін белгілеу туралы негіздемелік келісім;
3. «Самұрық-Энерго» АҚ мен Ansaldo Energia SpA арасындағы қуаты 544 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім;
4. Қазақстандағы италиялық кәсіпорындарды және Италиядағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия бизнесі арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған «Атамекен» ҰКП мен Confiindustria арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Сонымен қатар дөңгелек үстел отырысы барысында Италия Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни, CDP тобының бас атқарушы директоры Дарио Сканнапьеко, Confindustria компаниясының интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті Барбара Джакомелло, CONFAPI компаниясының президенті Кристиан Камиса, Leonardo SpA тобының президенті Стефано Понтекорво, Fincantieri SpA компаниясының бас атқарушы директоры Пьерроберто Фолгьеро, PetrolValves компаниясының бас атқарушы директоры Сандро Малкори, Pietro Fiorentini компаниясының бас атқарушы директоры Паоло Нарди және тағы басқалар экономиканың тиісті салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына қатысты көзқарастарын білдірді.