Түркістанда интернаттың 3 баласы едені бетон бөлмеде қамауда отырған

5 Желтоқсан 2023, 13:03
7808
Бөлісу:
Түркістанда интернаттың 3 баласы едені бетон бөлмеде қамауда отырған
Фото: ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл

Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар мектеп-интернатта балаларды қорлау фактісін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілге сілтеме жасап.

Іс-сапар барысында қатысушылар мекеме аумағында үш кәмелетке толмаған балалар қамауға алынған қосалқы бөлмені анықтады. Медбикенің айтуынша, балалар қызылшамен ауыратындықтан, онда оқшаулау үшін орналастырылған. Алайда, кәмелетке толмаған жеткіншектер қамалған үй-жайдың жағдайы нашар: едендері бетон, терезесі сынған, дәретхана мен су жоқ. Сонымен қатар, олар ешқайда барып көмек сұрай алмайды – мекемеде телефон байланысы жоқ, WiFi да қолжетімсіз, - делінген хабарламада.

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзінше, бұл фактілер қызметкерлердің балаларға қатыгездікпен қарайтынын растайды. 

Адам құқықтарын қорғау ұлттық орталығының басшысы Салтанат Тұрсынбекова Түркістан облысының прокуратурасына қатыгездік көрсету фактісі бойынша процессуалдық шешім қабылдауды және қабылданған шаралар жайында есеп беруді сұрап, хат жолдады.

Өзгелердің жаңалығы