Түркістанда дөрекілік көрсеткен лауазымды тұлғаларды жұмыстан шығару ұсынылды

12 Мамыр 2019, 09:37
3249
Бөлісу:
Түркістанда дөрекілік көрсеткен лауазымды тұлғаларды жұмыстан шығару ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұндай ұсыныс ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында жасалды.

Кеңес отырысында 7 лауазымды тұлғаның тәртіптік ісі қаралып, қорытындысымен 4 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылып, ал 3 қызметкерге қатысты тәртіптік іс жаза қолдану мерзімі өтуіне және өз дәлелін таппауына байланысты тоқтатылды.

Отырыста дөрекілік және әдепсіз мінез-құлық танытып, ұжым арасында қолайсыз моральдық-психологиялық ахуалды туғызуға себеп болғаны үшін өз әріптесінен және ауыл тұрғындарынан шағым түскен лауазымды тұлғалардың тәртіптік істері қаралды.

Әділ шешім қабылдау мақсатында Кеңес мүшелерімен қызметтік тергеп-тексеру қорытындылары, жауапқа тартылушылардың, сондай-ақ шағыммен жүгінген мемлекеттік органның қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының және мемлекеттік органның әдеп жөніндегі уәкілінің пікірлері тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, өзінің қарамағындағы қызметкерлерге ар-намысына тиетін сөздер айтып, дөрекілік көрсеткені үшін Қазығұрт аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әбдіғали Ертаевқа және ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен Қоғамдық кеңес отырысында қатысушыларға дөрекілік мінез көрсеткені үшін Кентау қаласының Бабайқорған ауыл округінің әкімі Жантөре Қарабаевқа «атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Осылайша, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатынын және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятынын естен шығарған екі лауазымды тұлғаға қызметімен қош айтысу ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы