Түркістан облысында орталық алаңға орнатылған жаңажылдық бас шыршаны қағып кеткен жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға түнгі сағат 03:00 шамасында болған. Содан кейін Сарыағаш аудандық полиция басқармасына белгісіз автокөлік мерекелік шыршаны соғып, оқиға орнынан ізін суытқаны туралы хабарлама түскен.
Полиция қызметкерлері алаң аумағында орнатылған жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жүргізушінің жеке басы анықталды.
Белгілі болғандай, ВАЗ-2105 автокөлігін басқарған жас жүргізуші шыршаны айналып өтпек болып, рөлге ие бола алмай, соқтығысқан. Оқиғадан кейін ол зақымдалған шыршаны қалпына келтіріп, бұдан былай мұндай заң бұзушылықтарға жол бермейтініне уәде берді.
Жүргізушіге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданып, автокөлік айыптұрағына қойылды.
