Түркістанда «Бабадан қалған бар мұра» көшпелі көрмесі ашылды

24 Наурыз 2022, 17:01
1622
Бөлісу:
Түркістанда «Бабадан қалған бар мұра» көшпелі көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Түркістанға келген туристерге қазақ халқының құнды этнографиялық мұраларын насихаттау мақсатында «Бабадан қалған бар мұра» көшпелі көрмесі ашылды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрмеге 100 жылдан астам тарихы бар Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан жасақталған 80-нен аса жәдігер қойылды.

Қазақ этнографиясынан сыр шертетін көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» директорының орынбасары Ерсін Тәжібаев құттықтау сөзбен ашып, тарихи жәдігерлер таныстырылымына сәттілік тіледі.

Түркістанда «Бабадан қалған бар мұра» көшпелі көрмесі ашылды

Көрме үш бөлімнен тұрады.

Қазақтың зергерлік бұйымдары бөлімінде зергерлік өнер мен тарихы насихатталады. Қазақтың  халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Өнердің бұл түрінің түп-төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Қазақ зергерлері көбіне жеке-дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр-сырын ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп отырған. Зергерлердің көп жасаған бұйымдарының қатарына әйелдерге арналған әшекейлер жатады. Көрмеде әйелдердің сырғаларының түр-түрі, шекеліктер, тұмарлар, бойтұмарлар, таналар мен түймелер, әйел белдіктері, білезіктер мен шашбаулар орын алған. Әшекейлердің бұл түрлері тек сән-салтанат үшін ғана емес, әдет-ғұрып, наным-сенімге де тікелей қатысты болғандықтан кез-келген әлеуметтік ортаның өкілі өз хал-қадірінше әр түрлі әшекейлер иемденуге, тағуға тырысқан.

Ал, екінші бөлім «Қазақтың тоқымашылық өнері» деп аталды.

Қазақ халқының төлтума өнерінде ерекше өзіндік орны бар, көшпелі өмірге бейімделген қайталанбас туындылар киіз үйдің тоқыма бұйымдары басқұрлар, жел баулар мен салма баулар, қоржындар мен киізден жасалған аяққаптар, кесеқаптар, кереге бау-таңғыштар көздің жауын алады. Шебер аналарымыздың қолынан шыққан осындай қолөнер туындыларын халықтың өмірінен, тұрмысынан бөліп алып қарау мүмкін емес. Өйткені бұл заттар ел тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани ләззат сыйлаған.

Үшінші бөлімде ағаштан ойылған ыдыс-аяқтар топтамасы таныстырылды.

Қазақтың қонақжайлылығымен танысқан адам дастарқандағы әрбір тағамның ежелден қалыптасқан, көшпенділердің өмір-салтына бейімделуіне септігін тигізгендігін түсінеді. Қазақтың ұлттық тағамдарының кейбіреуі арнайы уақыттарда, арнайы қонаққа арналып, арнайы ыдыстарда тартылады. Осыған байланысты қазақтың әрбір ас ішуі үлкен тәрбиеге, сыйластыққа негізделген. Қазақ тұрмысында ас тартуда, қонаққа сый көрсетуде пайдаланған ағаштан жасалған ыдыс-аяқтары: астаулар, табақтар, ожаулар, қымыз табақтар мен кеселер де көрмеде орын алған.

Көрмеде, қазақ халқының көне мәдениетін жаңғыртып жүрген танымал ағаш ою шебері Якия Әуелбековтың қолынан шыққан туындылары, ыдысаяқтары кеңінен көрсетілген. Якия Әлімбекұлы өз жұмыстарын жергілікті алма, алмұрт, жаңғақ, қарағаш сынды ағаштарынан жасайды. Сан-алуан ағаштың қыры мен сырын ашып жүрген қолөнершінің туындылары халқымыздың мәдени мұрасын жалғастырып келе жатқаны өзгелерге үлгі, келер ұрпаққа мирас. 

Көрме жұмысы 28 наурызға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы