Түркістанда 3 баланы қағып кеткен күдікті іздестірілуде

16 Ақпан 2021, 17:06
1639
Бөлісу:
Түркістанда 3 баланы қағып кеткен күдікті іздестірілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Жетісай ауданында жасы кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлады ТО ПД баспасөз қызметі.

Нақтырақ айтар болсақ, ағымдағы жылдың 14 ақпанында Жетісай аудандық полиция бөліміне ауруханадан түрлі дене жарақаттарымен 3 бірдей кәмелет жасына толмаған баланың жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті.

Аталған жайт бойынша полицейлер бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. 

Оқиға орнына жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай ауданындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, 3 жасөспірім баланы қағып кетіп, жол көлік оқиғасын жасағаны анықталды. Салдарынан үш бала да ауруханаға жеткізілген. Яғни 16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақаттарымен ем қабылдаса, небәрі 4 жастағы бүлдіршін ауыр дене жарақатының салдарынан жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды, - делінген хабарламада.

Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. 

Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттардың «Ауди 100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжануда.

Сондықтан осы болжамға сәйкес Жетісай ауданындағы «Ауди 100» маркалы автокөліктер тыңғылықты тексерілуде. 

Осы тұста полицейлер оқиға орнынан қандай жағдай болса да, қашып кетуге болмайтынын ескертеді. Сонымен қатар жол ережесін мұқият сақтау маңызды. Аталған жайтқа сәйкес сіз қандай да бір мәлімет білсеңіз немесе оқиғаның куәгері болсаңыз, полицияның 102 нөміріне, не болмаса Жетісай АПБ-ның кезекшілігіне: 87253467020, сенім телефонына: 6-70-07 хабарласыңыз, - делінген ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы