122 жылдық тарихы бар Түркістан теміржол вокзалы сенімгерлік басқаруға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында Түркістан теміржол вокзалын 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы ақпарат арнайы веб-порталда жарияланды. 2020 жылы қала балансына өткен вокзалды бұған дейін Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі абаттандыру үшін арнайы қаржы қарап келген. Енді бюджетті үнемдеу мақсатында сенімгерлікке беру шешімін қарастырдық дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы Смадияр Сабиров.
Біздің бөлімде вокзалдың жұмысын жүргізетін арнайы маман жоқ. Осыған дейін абаттандыру, жөндеу жұмыстарын жүргізіп келдік. Енді бюджетті үнемдеу мақсатында сенімгерлік басқаруға беруді жөн санадық. Ал жеңіп алған компания міндетті түрде арнайы талапқа сай қызмет ететін болады, - дейді Смадияр Сабиров.
Сан ғасырлық тарихы бар вокзал ғимараты мәдени-тарихи мұралар тізіміне кіреді. Тиісінше, оны жөндеу, қолдану талаптары да бекітілген. Жауапты мамандар сенімгерлік басқаруға берілсе де заңда көрсетілген нақты талаптар сақталатынын айтады.
Айта кетейік, Түркістан темір жол вокзалы 485 миллионға бағаланған. Оны "Vostok Trade Pro" ЖШС компаниясы жеңіп алды. Қала әкімдігі аталмыш компаниямен, қазіргі таңда, келісімшарт жасау жұмыстары жүріп жатқанын айтады.
Лия Сауытова