Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда Түркістан облысына тиесілі тұрақтандыру қорында жалпы құны 954,9 млн теңгенің 10 033,2 тонна тауары бар, деп хабарлады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның ішінде: тұрақтандыру қорында - 3 727,9 тонна, «Айналым схемасы» шеңберінде – 6305,3 тонна. Ал нақты Ескі Иқан елдімекеніндегі қоймада 102 тонна өнім бар, қалғаны жеткізушілердің қоймасында. Бұл жайында бүгін Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева пресс-тур аясында мәлімдеді.
Түркістан қаласы аумағында 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйінде («Шапағат», «Дастарқан», «Береке», «Дәулет», «Бәйтерек») 18 түрлі азық-түлік тауарлары сатылуда. Мәселен, картоп пен сәбіз - 100 теңге, пияз - 70 теңге, тұз - 42 теңге, күріш - 245 теңге, қант - 315 теңге, ұн - 150 теңге, күнбағыс майы - 700 теңге, қарақұмық - 450 теңге, жұмыртқа - 34 теңге, тауық еті - 870 теңге, қырыққабат - 110 теңге, сүт 2,5% - 265 теңге, айран 2,5% - 270 теңге, сары май – 2 500 теңге, ірімшік – 1 500 теңге, бөлке нан - 70 теңге көлемінде сатылуда, - деді Лаура Сақтағанқызы.
Азық-түліктердің аталған бағада сатылып жатқандығына БАҚ өкілдері пресс-тур аясында көз жеткізді. Сонымен қатар, әр жұмада Түркістан қаласындағы Экобазарда азық-түлік тауарлары жәрмеңкесінде тауарлар нарықтық төмен бағада тұрақты сатылуда. 2022 жылдың басынан бері 10 рет азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеде 5 млн теңге сомасына 30,1 тонна тауар сатылды.