Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан қару мен оқ-дәрі тәркіледі

19 Ақпан 2021, 14:03
1396
Бөлісу:
Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан қару мен оқ-дәрі тәркіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кентау қалалық полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті көше бойын патрульдеу барысында, бір азамат  күдік тудырған. 

Оны тексеру барысында 1 дана мылтық, 6 дана оқ және газет қиындысына оралған өткір иісті марихуанаға ұқсас заты анықталды. Тәртіп сақшылары күдіктіден  айғақты зат ретінде осыларды тәркілеп алып, ПБ-не жеткізді. Ол бұған дейін де заңсыз қару сақтау бойынша сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. 

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Алынған 1 дана мылтық пен 6 дана оқ-дәріге баллистикалық зерттеу тағайындалып, есірткіге де сараптама тағайындалды. Оның қорытындысына сәйкес, тәркіленіп алынған газет қиындысындағы ерекше иісі бар заттың 30 гр-нан астам кептірілген марихуана екені белгілі болды. Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ПД-ның   баспасөз қызметі.

Күнделікті жүргізілетін мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар есірткі қылмыстарын төмендетеді. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі де өз жалғасын табатын болады. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.


Өзгелердің жаңалығы