Арыс-Шардара тас жолында Chevrolet Cobalt пен КамАЗ жүк көлігі соқтығысты. Көлікте кәмелетке толмаған спортшылар болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Otyrar.kz аймақтық порталының хабарлауынша, 22 сәуірде Түркістан облысындағы Арыс-Шардара тас жолында ауыр жол-көлік оқиғасы болды.
Ведомство мәліметінше, қайғылы жағдай 22 сәуір күні болған. Chevrolet Cobalt автокөлігінің ішінде жас спортшылар мен олардың жаттықтырушысы болған. Көлік КАМАЗ-ға соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көліктегі үш жолаушы оқиға орнында, дәрігерлер келмей тұрып көз жұмған.
Chevrolet жүргізушісі мен тағы бір тірі қалған жолаушы шұғыл түрде жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді. Ал жүк көлігінің жүргізушісі қазір ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған спортшылар жаттықтырушы-жүргізушімен бірге Түркістан қаласында өтетін жарысқа бара жатқан. Алайда кәмелетке толмағандарды тасымалдау туралы тиісті мемлекеттік органдарға, соның ішінде полицияға хабар берілмеген.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жол апаты фактісінен бөлек, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп мәлімдеді ведомство.
Құқық қорғау органдары барлық сараптама нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын және тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.