Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін көпірдің құлауына байланысты қозғалыс уақытша тоқтатылып, қауіптің алдын алу шаралары қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңір басшысының тапсырмасымен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала жетекшілерімен бірге оқиға орнына барып, көшпелі жиналыс өткізді. Жиында жағдайды тұрақтандыру және жаңа көпір салу бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Көпір 55 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Күніне мыңдаған тұрғын мен жүздеген автокөлік қатынайтын нысанның пайдалану мерзімі өтіп, тозығы жеткен. Мамандардың айтуынша, мұндай нысанды қайта-қайта жөндеудің де белгілі бір шегі бар. Қауіп белгілері дер кезінде анықталып, қозғалыс алдын ала тоқтатылған. Соның арқасында адам шығынына жол берілген жоқ.
Оқиға орнында Төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері шұғыл әрекет етті. Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериал Төтенше жағдайлар қызметі тарапынан түсірілген.
Көпір арқылы өткен "Дарбаза" ТСЖ-ның су құбыры зақымдануына байланысты Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекеніндегі 136 абонент ауыз сумен уақытша қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта 136 тұрғын үйге 3 арнайы су тасымалдаушы автокөлік арқылы тәулігіне екі мезгіл ауыз су жеткізілуде. Су жүйесі толық қалпына келтірілгенге дейін су тасымалы үздіксіз жалғасады.
Жағдайға байланысты Ұшқын елді мекеніндегі 40 оқушы тоқсанның соңына дейін онлайн форматта білім алуға көшірілді.
Алдын ала келтірілген шығын көлемі нақтылануда. Аталған жағдай бойынша құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетейік, көпір 17 желтоқсанда Қошқарата ауылдық округі аумағындағы Абай – Ұшқын – Достық автожолының 4,3-шақырымында құлаған.
Нысан облыстық "Оңтүстік жолдары" МКК-ның балансында болған. Көпір 1970-жылдары салынған, 2010 жылы орташа жөндеуден өткен, ал 2024 жылы жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілген.
Қазіргі уақытта көлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылған. Жаңа көпір салу мәселесі облыс әкімінің тікелей бақылауында. Жағдай тұрақты.