Істі Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сотталушыларға адамдар тобымен бұзақылық ниетте кісі өлтіру, сондай-ақ кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша айып тағылды.
Сот 2025 жылдың 29 қазанында Төле би ауданы, Зағамбар ауылындағы автокөлік жуу орнының аумағында сотталушы О.-ның қоғамдық орында бұзақылық ниетпен, болмашы себеппен жәбірленуші С.-ны соққыға жыққанын анықтады. Кейін ол оқиға орнына келген жәбірленушілер А. мен М.-ға қарсы пышақ қолданған, - деп хабарлады Түркістан сотының баспасөз қызметі.
Алған пышақ жарақатынан Мағжан Бимырза оқиға орнында көз жұмды. Осыдан кейін шабуылдаушы оның 22 жастағы ағасын бірнеше жерден пышақтап, ізін суытқан. Сот анықтағандай, екінші фигурант шабуылды тоқтатпаған, іс жүзінде қылмысқа сыбайлас болған.
Прокурор сотталушыларға 15 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Жәбірленуші тарап айыпталушыларды кешірмейтіндерін айтып, ең қатал жазаны талап етті.
Сотта сотталушы О. кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді сұрады. Ал сотталушы К. тек бұзақылық эпизоды бойынша кінәсін мойындап, ол бойынша жеңіл жаза тағайындауды, ал қалған айыптар бойынша өзін ақтауды өтінді, - деп нақтылады сот өкілдері.
Сот үкімімен сотталушылардың бірі 20 жылға, екіншісі 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, олардан қаза тапқан жігіттің отбасына моральдық шығын ретінде 25 миллион теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.