Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында тұрғынның үйінен марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы аумағында өтіп жатқан “Дәрмек” іс-шарасы барысында Қазығұрт АПБ полицейлері үйінде есірткі затын сақтаған тұрғынды ұстады.
Учаскелік полиция бөліміне аудан тұрғындарының бірі үйінде есірткі сақтайтыны туралы хабарлама келген. Тәртіп сақшылары хабар алған бойда жедел-іздестіру шараларына бірден кірісті. Ал күдікке ілінген ер адамның үйін тінту кезінде оның аула ішінде орналасқан қорасынан қағазға салынған өзіне тән хош иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен,сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеп, тергеуді бастады. Айғақ ретінде алынған затқа сараптама тағайындалып, өсімдіктің кептірілген марихуана екені анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.