Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында түрлі апталықтар өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» атты апталықтар аясында облыс аумағында тал отырғызу, гүл егу, тазалық жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Бұл жайында Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков мәлімдеді.
6-13 сәуір «Таза өлке» апталығында - облыс тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өз аумақтарын тазалау жұмыстарын жүргізеді. Ал 15-20 сәуір «Киелі мекен» апталығы - облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарына арналады. Сондай-ақ, 22-27 сәуір «Жасыл аймақ» апталығында – аудан-қалаларда көшет отырғызу және аулаларды абаттандыру жұмыстары жүреді. Сонымен қатар, 29 сәуір-4 мамыр аралығындағы «Өнегелі ұрпақ» апталығында - ардагерлер мен қарттар үйлерінің ауласы тазаланып, абаттандырылады. Ал 7-11 мамыр «Мөлдір бұлақ» апталығы - тау бөктерін, өзен-көлдердің жағалаулары мен су айдындарын тазартуға арналмақ, - деді Жанәділ Нұрғалиұлы.
Қазіргі таңда, «Таза өлке» апталығы өтуде. Науқан басталғалы бері 1 521 көше бойлары және 33 мыңнан астам аяқжолдар тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек, 275 саябақ және скверлер, 192 дана балалар және спорт алаңшалары тазаланды. Сонымен қатар, 146 шақырым өзендердің, каналдардың, бұлақтардың бойы мен көпірлерде тазалық жұмыстары жүргізілген. Аталған іс-шараларға 279 техника және 15 мыңнан астам адам қатысқан.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 2021-2025 жылдар аралығында 1,5 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Облыс аумағында 2022 жылы – 251 685 дана, 2023 жылы - 1 088 944 дана түрлі көшет егілген. Биылғы көктем айларында 522 935 дана көшет отырғызу жоспарланып, қазіргі таңда 483 935-і егілген. Бұл жайында облыстық табиғи ресурустар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков мәлімдеді, - деп жазды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұған дейін «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы әр өңірлерде басталғанын жазған болатынбыз. Жамбыл облысы да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады.