Түркістан облысында сиыр еті қымбаттады

Бүгiн, 14:23
156
Бөлісу:
Түркістан облысында сиыр еті қымбаттады
Фото: автордан

Түркістан базарында сиыр етінің бағасы 3000 теңгеден 4000 теңгеге дейін көтерілді. Бұл өңір тұрғындары үшін күтпеген жаңалық. Соңғы уақытта сиыр еті бағасының күрт өсуі тұтынушылар үшін айтарлықтай қиындық тудырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Қуаныш" базарында 30 жылдан бері сиыр етін сату арқылы нәпақасын тауып келе жатқан Баһадүр есімді қасапшы бар. Оның айтуынша, соңғы жылдары сиыр еті тапшылыққа ұшырап, бағасы айтарлықтай қымбаттап кеткен. Сондықтан қасапшы биыл алғаш рет кәсібінде өзгеріс жасап, жылқы етін қосуға мәжбүр болған. Баһадүр бұл шешімнің себебін Түркістан қаласында сиыр етіне деген сұраныстың артуы мен оның жетіспеушілігімен байланыстырады.

Түркістан облысында сиыр еті қымбаттады
Фото: автордан

Алдыңызда тұрған бұзау еті. Соның өзін зорға таптым. Сиыр еті қазір тапшы. Амал жоқ, жанына жылқы етін қостым. Жағдайдың қиындағаны соншалық, не істерімді білмей отырмын. Бұрын "Қарабұлақ" ауылынан ет тасымалдайтын едім. Бірақ сиыр еті тапшылығы салдарынан оның бағасы да көтерілді, - дейді қасапшы.

Баһадүр қасапшы бұрын сиыр етін 2400 теңгеден сататын болса, соңғы екі аптада бағаны көтеруге мәжбүр болғанын айтады. Оның айтуынша, сиыр еті бағасының өсуі жылқы етін тұтынушылардың санын арттырған. Базарда жылқы етін сататын Олжас есімді қасапшымен де тілдесіп, оның пікірін білген едік. Ол сиыр етінің тапшылығы көршілес елдерге экспортталуынан туындап отырғанын айтады. Себебі сиыр етіне сұраныс күрт артқан екен.

Сиыр еті тапшылығы негізінен экспортқа байланысты. Бұл жағдайды бәрі де біледі. Шекара ашылған соң, бұқалар қымбат бағада Өзбекстанға тасымалдануда. Одан әрі Қырғызстан мен Тәжікстанға да кетіп жатыр. Мысалы, күніне Қарабұлақтан шамамен 10 тонна ет шығатын. Ал екі ай ішінде осындай тапшылыққа тап болдық. 5 ай бұрын еттің бағасы 2300 теңге болса, қазір баға шарықтап, 4000 теңгеге дейін көтерілді, - дейді Олжас.

Түркістан облысында сиыр еті қымбаттады
Фото: автордан

Ол сондай-ақ, сиыр етінің қымбаттауымен қатар қошқар етінің бағасы да өскенін айтты. Түркістанда қошқар мен өгіз етіне сұраныс айтарлықтай артқан. Салдарынан ет тапшылығы орын алып, көптеген тұтынушылар әбігерге түскен.

Қошқар мен өгіз еті тапшы. Мысалы, бұрын қошқардың құйрық майы 2500 теңге болса, қазір ол 3500 теңгеге дейін көтерілді. Соңғы екі айда осындай жағдай байқалады. Сиыр еті қабырғасымен 2800-3000 теңге аралығында сатылып, сүйексіз ет 4000 теңгеге дейін жетті. Сиыр еті бағасының көтерілуі жылқы етіне деген сұраныстың артуына себеп болғаны рас. Бірақ қасапшылар қазір ет таппай қалды, - деп сөзін толықтырды қасапшы.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Абзал Қасымханұлының айтуынша, Түркістан облысы еліміздің ет экспортында көш бастап тұр. 2024 жылы облыс жалпы 19,8 мың тонна сиыр еті мен 13,3 мың тонна қой етін сыртқа экспорттаған. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының сиыр еті бойынша республикадағы үлесінің 85 пайызын, ал қой еті бойынша 80 пайызын құрайтынын көрсетеді. Бұл облыстың ет нарығындағы маңыздылығын айғақтайды. Дегенмен ішкі тұтыну деңгейге әсер етіп, қымбатшылыққа әкелгені белгілі. 

Сиыр етінің қымбаттау салдарын ауыл шаруашылығы басқармасы да экспортқа сұраныстың артуынан екенін растап отыр. 

Себебі көршілес мемлекетке етті тасымалдау бағасы әлдеқайда жоғары болғандықтан, көбісі етті сонда өткізеді, - дейді сала мамандары. 

Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша бағаны тұрақтандыру шаралары жүргізілуде. Алайда бұл кешенді шара тұтынушылар сұранысын 100 пайыз реттей алмасы анық. Бұл жағдай облыс тұрғындарының ет тұтынуына әсер етіп, жергілікті нарықтағы тұрақсыздықты күшейтті. Ал қасапшылар шекарадағы ет экспортына тұсау салу керектігін айтады. Себебі бұлай жалғаса берсе, халықты етпен қамтамасыз ете аламай қалатындарын жеткізді.

Лия Сауытова

Өзгелердің жаңалығы