Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облысында таралып жатқан шыбын-шіркеймен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысында шыбын-шіркей таралып жатыр. Онымен күреске ауқымды қаражат қарастырылған. Бұдан бөлек, шегірткенің де көбеюі диқандарға кесірін тигізіп жатыр. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасарымен сөйлестім. Дәрі-дәрмек себіліп, жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат бар, - деді депутат.
Қырықбаевтың айтуынша, Отырар, Арыс, Шардара сияқты мал шаруашылығымен айналысатын аумақтарда шыбын-шіркейдің көбеюінен халық та зардап шегіп отыр.
Өздеріңіз білетіндей, қазір Түркістан облысы жақта күн ысып кетті. Сыртта отырып, тамақ ішудің, не болмаса сыртта жүрудің өзі қиын болып жатқанын естіп отырмын. Оған бөлінген қаражат бар, жұмыс істеліп жатыр. Бұл мәселе әрі қарай да бақылауымыз да болады, - дейді мәжілісмен.
Еске салай кетейік, бұған дейін Атырауда қарақұрт қаптағаны туралы айтылған болатын.