Түркістан облысында қандай дәрігер мамандар тапшы?

1 Тамыз 2023, 09:43
517
Бөлісу:
Түркістан облысында қандай дәрігер мамандар тапшы?
Фото: Түркістан облысы әкімдігінен

Түркістан облысында дәрігер мамандар тапшы. Әсіресе өңірде бейінді мамандар арасында 258 маман, анестезиолог-реаниматолог, офтольмолог, лор, кардиохирург, травматолог, кардиолог, неврпатолог, нефролог, онколог, патологоанатом, радиолог, неонатолог, жедел жәрдем дәрігері секілді кадрлар жетіспейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тапшылықты жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыс пен Үкімет қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының орындалуы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды.

Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Облыс әкімі денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін осы бағыттағы жұмыстарға күш салуды, медициналық қызмет сапасын арттыруды тапсырды.

 Ана мен бала денсаулығын сақтау, ауылдағы медицинаның жағдайды жақсарту, әлеуметтік маңызы бар ауруларды төмендету сияқты мәселелер аса маңызды. Ұлттық жобадағы жоспарларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне баса назар аудару қажет. Алдын алу жұмыстары бойынша халыққа түсіндірме жұмыстары дер кезінде жеткізу керек, - деді облыс әкімі Дархат Сатыбалды.

«Дені сау ұлт» ұлттық жоба аясында былтыр медициналық нысаны жоқ ауылдық елді-мекендерде 11 медициналық пункт құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. 2023 жылға 16 нысанның құрылысы жоспарланған. Мәжілісте жас мамандарды жұмысқа тарту үшін дәрігерлерге қолдау көрсетіп, ынталандыру мәселесі талқыланды.

Бүгінгі таңға облыс бойынша жалпы 24 597 медицина қызметкерлері бар. Оның ішінде 5 481 дәрігер 19 116 орта буынды медициналық қызметкерлер құрайды. Қазіргі таңда 258 бейінді дәрігерлерге деген тапшылық орын алуда. Оның бірден бір себебі - резидентурада оқыту мерзімінің ұзақтығы деуге болады. Тапшылықты жою мақсатында 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен бірінші рет 60 грант бөлінді,-деді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Сонымен қатар жыл басынан бері ауылдық жерлер мен шалғай елді-мекендердегі 240 мыңға жуық халыққа жылжымалы медициналық кешендер арқылы консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетілген. 2023 жылдың 6 айына 10 577 мүгедек балалар тіркеліп, оның ішінде 2 мыңға жуық бала оңалту орталықтарында емделген. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамту 94,5%.

Сонымен қатар апталық аппарат отырысында аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарының барысы баяндалды. Осыған орай анықталған кемшіліктердің жойылуы жайында, олардың қазіргі жай-күйі туралы мәлімденді. Жаңадан анықталғандары жайлы айтылды. Облыс басшысы әкімдерге бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.

Өзгелердің жаңалығы