Түркістан облысында полицейлер жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерге тексеру жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Усербаев, Жетісай ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру жүргізді. Яғни мектептерге орнатылған бейнебақылау камераларының жұмыс жасауы, күзетшілердің қызметі, дабыл батырмасы мен турникет жұмысын бақылауға алды. Анықталған кемшіліктер бойынша мектеп басшылығына ескертіп, қалпына келтіру туралы ұсыныстар берді.
Сонымен қатар мектеп мұғалімдері, ата-аналар, оқушылармен кездесу өткізді. Онда жасөспірімдер арасында орын алып жатқан құқық бұзушылықтар бойынша айтылды. Жиналғандарға арнайы түсірілген бейнеролик көрсетіліп, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда қарастырылатын жауапкершілігі түсіндірілді.
Оған қоса сағат 23:00-ден 06:00-дейін жасөспірімдердің тұрғын жайдан тыс жерде заңды өкілінсіз жүруіне болмайтындығы ескертілді. Мұндай жағдай анықталса, әкімшілік кодекс бойынша ата-аналары жауапкершілікке тартылатыны ұғындырылды. Жиын соңында көпшілік тарапынан қылмыстың алдын алу бойынша ұсыныстар берілді. Алдағы уақытта бірлесе отырып, бала тәрбиесіне баса назар аударылатыны айтылды.