Түркістан облысының білім басқармасы әлеуметтік желілерде тараған мектептің техникалық қызметкерлері жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бейнежазбаға байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство мәліметінше, бұл жұмыстар білім беру ұйымын жаңа оқу жылына дайындау аясында жүргізіліп жатқан жоспарлы жазғы жұмыстардың бір бөлігі.
Білім басқармасының хабарлауынша, мектептің техникалық қызметкерлері өздерінің лауазымдық міндеттері шеңберінде ғимаратты ретке келтіру, тазалық сақтау, абаттандыру және ұсақ жөндеу жұмыстарына қатысады.
Осыған байланысты бейнежазбада көрсетілген жұмыстар олардың қызметтік міндеттеріне сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қызметкерлер қосымша жұмысқа тартылды ма?
Басқарма өкілдері мектептің техникалық қызметкерлеріне құрылыс жұмыстары жүктелмегенін және олардың қосымша немесе артық жұмысқа тартылмағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ барлық жұмыстар қолданыстағы еңбек заңнамасының талаптарына және қызметкерлердің жұмыс кестесіне сәйкес ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
Жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінген бе?
Хабарламада мектепте жүргізіліп жатқан әктеу және сырлау жұмыстарына бюджеттен арнайы қаржы қарастырылмағаны айтылды.
Сондай-ақ бұл жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілмеген.
Дегенмен жазғы кезеңдегі әктеп-сырлау жұмыстарына қажетті сыр-бояу мен эмульсия сатып алу үшін қаржы бөлінген.
Тағы оқи отырыңыз: Мектепті жөндеуге кім міндетті? Мұғалім бе, еден жуушы ма?