Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында биыл 125,8 мың га алқапқа мақта дақылы егілді. Қазіргі таңда терім науқанының 90 пайызы орындалып, 298,7 мың тонна шитті мақта жиналды.
Түсімділігі гектарынан 24,3 центнерді құрап отыр. Жалпы жиналған ақ алтынның тең жартысынан астамы 500-ге жуық комбайнның жұмылдырылуымен терілген.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев аймақтағы мақта терімінің барысымен танысу мақсатында, Кентау қаласындағы Қарашық елді мекенінде орналасқан «Тұран» ШҚ-да болды. Кооперативте тамшылатып суғару технологиясы қолданылған мақтаның егіс алқабында мақта және мақта талшығы өнімдері өндіріледі. Облыс әкімінің орынбасары іссапар барысында сондай-ақ, отбасылық ферманың жай-күйімен танысты.
Егіс көлеміне әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, өткен жылмен салыстырғанда шитті мақта бағасының ұлғайғаны байқалады. Нәтижесінде өнімнің тоннасына орташа бағасы 160-165 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өз кезегінде мақта дақылын өсірумен айналысатын 15,0 мың агроқұрылымда жұмыспен қамтылған 125 мың адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң ықпалын тигізуде,-деді Ұлан Тәжібаев.
Өңірде мақта өнімділігінен Ордабасы және Мақтаарал аудандары көш бастап тұр. Шитті мақтаны қабылдаумен 18 мақта өңдеу зауыттарының 166 қабылдау бекеттері айналысуда.
Мақта шаруашылығын мемлекеттік қолдау үшін көктемгі және күзгі дала жұмыстарына нарықтағы бағадан литріне арзан бағамен яғни, 16-18 теңгеден 76,2 мың тонна жанар-жағар май босатылды.
Сонымен қатар, 30 мың агроқұрылымға минералды тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы қолданылатын биоагенттердің 50 пайыз шығындары субсидияланып, мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Бұдан бөлек, құны 6,0 млрд теңгені құрайтын 891 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 1,2 млрд теңге инвестициялық субсидия төленді.