Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзғандар ұсталды

2 Ақпан 2021, 22:34
1811
Бөлісу:
Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзғандар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ІІМ-нің заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мен заңды белшесінен басып жүрген мигранттарды анықтау мақсатында ақпан айының 1-нен бастап Түркістан облысында “Мигрант” атты профилактикалық іс-шарасы басталды. 

Көпшілікке белгілі құрылыс қызған уақытта осындай жедел профилактикалық шаралар өз нәтижесін береді. Өйткені кейбір нысан иелері жергілікті тұрғындарға қарағанда жан-жақтан арзан қол жұмыс күшін тартып, заңсыз келушілер санының артуына ықпал етеді. Өз кезегінде олардың қатысуымен қылмыстардың орын алуы да мүмкін. 

Сондықтан аталған шара аясында заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу мен елімізге заңсыз келу, іздеуде жүрген азаматтарды анықтау үшін күнделікті жеделдетілген жұмыстар ұйымдастырылуда.

Мәселен Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы іс-шараның бірінші күнінде көші-қон заңнамасын бұзған бес адамды анықтады. Оның ішінде үш азамат Өзбекстан Республикасының тұрғыны, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабымен (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы), ал екі азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) мен 519-бабы (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар жинақталды.

Ордабасы АПБ Көші-қон қызметі тобының аға инспекторы Нұрбол Ормановтың айтуынша, аталған іс-шара 5 ақпанға дейін жалғасқанымен, қылмыстардың алдын алу мен болдырмау үшін бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Өзгелердің жаңалығы