Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түркістан облысында көпір құлады

Бөлісу:
 видеодан скриншот
VIDEO
Фото: видеодан скриншот

Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін көпір құлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркістан облысында өңірлік маңызы бар автожолда Келес өзені арқылы өтетін көпір опырылды. Оқиға 17 желтоқсанда Қошқарата ауылдық округі аумағындағы Абай – Ұшқын – Достық тасжолының 4,3-шақырымында болған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қауіп белгілері дер кезінде анықталып, көпір арқылы қозғалыс алдын ала тоқтатылған. Соның арқасында адам шығыны мен материалдық залалға жол берілген жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Көпірдің құлау сәтін куәгерлер видеоға түсіріп алған.

Көпір облыстық «Оңтүстік жолдары» МКК-ның балансында болған. Нысан 1970-жылдары салынған, 2010 жылы орташа жөндеуден өткен, ал 2024 жылы жағалауды бекіту жұмыстары бетондалған. Бұған дейін аудандық билік тарапынан көпірге күрделі жөндеу қажеттігі айтылған.

Қазіргі уақытта көлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылған. Оқиға орнында жедел қызметтер, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр. Көпірді қалпына келтіру бойынша алдағы шараларды анықтау үшін техникалық тексеру жүргізілуде.

Сондай-ақ көпір арқылы өткен «Дарбаза» су құбыры зақымданған. Қошқарата ауылдық округі мен Ұшқын ауылының 137 абоненті үшін ауызсу тасымалдау ұйымдастырылды. 

Жағдай облыстық және аудандық биліктің бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы