Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың 40-қа жуық эпизоды ашылды

16 Ақпан 2023, 21:42
990
Бөлісу:
Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың 40-қа жуық эпизоды ашылды
VIDEO
Фото: Polisia.kz

 Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы полиция департаменті қызметкерлері оңтүстік өңірдің тұрғындары жасаған бірқатар интернет-алаяқтықтарды ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны интернет-алаяқтықты тұрақты табыс көзіне айналдырып, “InDriver” қосымшасы арқылы жолаушыларды тасымалдауға тапсырыс беру сылтауымен алдау арқылы жүргізушілердің жеке деректерін – жеке куәліктерін, тексеру үшін фотосуреттерді, сондай-ақ банк шоттарының деректемелерін алған.

 Содан кейін күдікті жәбірленушілердің атынан микрокредиттік ұйымдарда қарыз ресімдеген. Қазіргі уақытта оның осындай тоғыз фактіге қатысы бары белгілі болды. 

Облыс полицейлерімен тағы бір алаяқ ұсталды. Ол өзін спутниктік теледидар қызметкері ретінде таныстыра отырып, азаматтардың жеке деректерін алып, микрокредиттік ұйымдарда қарыз ресімдеді.

Алаяқ осындай 30-дан астам фактілерге қатысты. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Олардың басқа қылмыстарға қатыстылығын анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілуде.

Ақпараттық технологияларды өміріміздің барлық аспектілеріне кеңінен енгізу киберқылмыстың, әсіресе интернеттегі алаяқтықтың өсуіне әсер етті. 

Жыл басынан бері осындай 1,5 мың қылмыс тіркелген. Мұндай қылмыстарға қарсы ІІМ бірқатар шаралар қабылдауда. Мүдделі мемлекеттік органдармен және жеке сектормен өзара іс-қимыл күшейтілді. ІІМ бастамасы бойынша биометрия және электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы онлайн-кредиттерді ресімдеу жұмысы күшейтілді.

 Банктермен бірлесіп азаматтардың шоттарының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз кредиттерді ресімдеудің жолын кесу бойынша қосымша шаралар іске асырылуда. 

Ауыстырылатын нөмірлерден жасалатын интернет-алаяқтықтардың жолын кесу үшін Цифлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдерімен, сондай-ақ ұялы байланыс компанияларымен бірқатар кездесулер өткізілді. 

Байланыс операторлары қазақстандық абонентке қоңырау түсу кезінде ауыспалы нөмірлерді анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік беретін антифрод-жүйелерді интеграциялау бойынша техникалық жұмыстар жүргізді. 

Ақпан айында Қазақстан аумағында киберқылмысқа қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған “Аnti-Fraud” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. 

Операция барысында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалған 150-ден астам қылмыс, оның ішінде 130-дан астам интернет-алаяқтық анықталды.

 Сонымен қатар бұрын жасалған 300-ге жуық қылмыс ашылды. 

Полиция өткен жылы еліміздің бірқатар қалаларында азаматтардан ұрланған ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырумен айналысқан алты топтың қылмыстық әрекетін тоқтатты. 

Олар банктік карталарды іздеумен және рәсімдеумен, сондай-ақ алаяқтық схемаларды ұйымдастырушыларға ақша аударумен айналысты. 

Сонымен қатар тәртіп сақшылары украиналық әріптестерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, желтоқсан айында Украинаның Днепропетровск облысында банк қызметкерлерінің атын жамылып, қазақстандық азаматтарды алдаумен айналысқан Call-орталықты таратты. 

Украинаның 32 азаматы ұсталды. 

ІІМ ескертеді: 

– Дербес деректерді бөгде адамдарға бермеңіз. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болғаныңызды түсінсеңіз, ең алдымен банкке немесе микрокредит ұйымына хабарласыңыз. Қолма-қол ақшаның айналымына байланысты барлық карталарды, шоттарды және операцияларды бұғаттауға тырысыңыз. 

– Алаяқтармен барлық хат-хабарларды, сондай-ақ қылмыстың ашылуына ықпал ететін ақпаратты сақтаңыз. 

Тұрғылықты жеріңіз бойынша дереу полиция бөліміне хабарласыңыз.
 

Өзгелердің жаңалығы