Түркістан облысында газ желілері жаппай тексеріледі

1 Наурыз 2021, 16:38
1403
Бөлісу:
Түркістан облысында газ желілері жаппай тексеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында әр үйдегі газ құрылғыларының орнатылу тәртібі жаппай тексеріледі, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Табиғи газды тұрмыста пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары толық сақталуы тиіс. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық мәжілісте осындай тапсырма берді. Облыс басшысы газ пештерін орнатуда жіберілген қателіктер үшін жауаптыларға шара қолдануды міндеттеді.

Бүгіннен бастап барлық әкімге де айтамын, газ кірген жерлердің барлығын тексеріп шығу керек. Шұғыл түрде. Әр ауланы аралап жүріп, тексеру керек. Қажет болса, сол газды орнатқан мекемені жазалау керек, – деді облыс әкімі.
Түркістан облысында газ желілері жаппай тексеріледі

Облыс басшысының төрағалығымен өткен отырыста орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған тұрғын үйлерді толықтай тексеріп шығу, жазатайым оқиғаның алдын алу жүктелді. Талап бұзылғандар табиғи газдан ажыратылуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты облыстық ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов баяндама жасады. Айтуынша, жылыту маусымы басталғалы үгіт-насихат жұмыстарының барысында 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздігінің кемшілігі анықталып, ретке келтірілген.

Арнайы топ камин пештер пайдаланбауға, одан бөлек шатырдан шыққан құбырларды да бекітіп қоюға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке қарай, тұрғындардың көпшілігі біз кеткен соң, қайтадан өз дегендерін істеп, қауіпсіздік ережелерін бұзуда. Оған дәлел, екінші рет барғанда анықталып жатқан фактілер де бар. Төтенше жағдай саласы тарапынан осы камин пештерін пайдаланғаны үшін әкімшілік шараға тарту немесе оны тоқтату талаптары қарастырылмаған, – деді департамент басшысы.
Түркістан облысында газ желілері жаппай тексеріледі

Облыс аумағында жалпы 376 мыңнан астам жеке тұрғын үй есепке алынған. Оның 204 мыңнан астамы табиғи газ пайдаланады. Бұдан бөлек өңірде 1,5 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй орналасқан.

Еске салсақ, 27 ақпан күні Түркістан қаласында бүтін бір отбасының 5 адамы газдан уланып, қайтыс болды. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған балалар бар. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев кеше оқиға орнына барып, қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ ол Түркістан облысы әкімдігі тарапынан қайғылы жағдайға ұшыраған отбасыға қаржылай көмек көрсетілетінін атап өтті. 

Өзгелердің жаңалығы