Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының өрт сөндірушілері жанар-жағармай сақтауға арналған жертөледегі екі азаматқа көмек көрсетті, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
7 мамырда «112» қызметіне шұғыл хабар түскен.
Оған сенсек, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сарапхана ауыл округінде Алматы-Термез автожолының 757-шақырымында «Жанойл» жанармай құю стансасында екі адам зардап шеккен.
Стансаның жанар-жағармай материалдары цистернасын сақтауға арналған жертөлесінде 1959 және 1987 жылы туған екі жұмысшы тазарту жұмысын жүргізіп жатқанда мұнай өнімінің буынан уланғаны анықталды.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінен 9 қызметкер мен 3 техника, полиция департаментінен 5 қызметкер, бір техника жетті.
Олар зардап шеккен екі азаматты құтқарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Қазіргі таңда уланған екі азамат дәрігерлердің бақылауында.