Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы карантиндік шараларға қарамастан, Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенінде тұрақты өсім сақталып, көктемгі және күзгі дала жұмыстары өз мерзімінде атқарылды. Егіс көлемі 17 мың га артып, 846 мың га-ға жетті.
Масақты дақылдардан 513 мың тн дән жиналып, 64 мың тоннаға артқан. Көкөніс, картоп, бақша өнімдерінен 3 млн тонна өнім жиналып, 400 мың тоннаға артты. Мал азықтық дақылдардан 3,9 млн тонна өнім жиналып, 1,5 жылдық мал азығы қоры жинақталды. Мақта дақылы 126 мың га алқапқа егіліп, 331 мың тонна шитті мақта жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнде 30 пайызы жиналды.
Түркістан облысындағы күзгі егін жинау науқаны табысты қорытындыланды. Қазығұрт ауданы, «Шарбұлақ» ауылдық округінде өткен далалық семинарға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, агробизнес өкілдері, аудан, қала әкімдері мен шаруалар қатысты. Барлық аудандардың ірі агроқұрылымдары арнайы шақырылып, тәжірибе алмасты. Семинарға қатысушылар облыста жаңадан қолға алынған нөлдік өңдеу жүйесі, яғни, айдалмаған жерге дақылдарды тікелей себу технологиясымен күздік астық егудің куәсі болды, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, осы орайда, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруды нақты міндеттеді. Тапсырманы орындау мақсатында, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 3 негізгі бағытын айқындап жұмысқа кірісті.
Тікелей себу технологиясын ендіру Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың төртінші бағыты болып айқындалды. Тікелей егу технологиясы топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды, топырақтың құнарлығын арттырмақ. Сүр танапқа қалдырылған жерлердің әр гектарынан орташа 90 мың теңге табыс алынады. Бұл дегеніңіз, облыста жыл сайын сүр танапқа қалдырылатын 57 мың га алқаптан қосымша жыл сайын 5,1 млрд теңгенің өнімі өндіріледі деген сөз. Сондай-ақ, тікелей егудің нәтижесінде шаруалар әр гектардан 24 мың теңге қаржысын үнемдейді, - делінген ақпаратта.