Бұл туралы Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Қазақстанда алғаш рет Түркістан өңірінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша ауылдарда талшықты-оптикасын пайдалану іске асырылды. 2021 жылы 82 ауылдық елді мекенді интернетке ауа арқылы радиомост технологиясымен қосты.
Бүгінде осы 82 ауылдық елдімекен тұрғындары мен 6000-ға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернетті пайдалануда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, биыл интернетке 736 тұрғын үй қосылса, алдағы уақытта осы тетік арқылы 30 мыңға жуық тұрғын үй мен 150 мыңға жуық тұрғынды қосу жоспарлануда.
Еске сала кетсек, бүгінде Түркістан облысы аумағында 838 ауылдық елдімекен бар. Аудан, қала әкімдіктерінің талдау және анализдеу ақпараты нәтижелері бойынша 642 елдімекендегі 1 753 012 тұрғын сапалы интернетпен қамтылған, бұл – жалпы облыстың 73,7 пайызы. Онда 441129 оқушы 3G және 4G мобильді желісімен қамтамасыз етілген, 123 ауылдық елді мекенде 63 мыңға жуық оқушы 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген.