Түркістан облысында 6 ауылға газ беріледі

25 Мамыр 2023, 22:43
1331
Бөлісу:
Түркістан облысында 6 ауылға газ беріледі
Фото: 24.kz

Биыл Түркістан облысының Отырар ауданында 6 ауылға табиғи газ беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

10 мыңнан аса үй көгілдір отынға қосылады деп күтілуде. Ауыл тұрғындары болса от жағып, күл шығару машақатынан құтылатын болдық деп қуанып отыр. Ауданда газбен қамтылмаған қанша ауыл қалды? 

Қазір Арыс ауылында газ құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жауаптылар жыл соңына дейін елді мекенді көгілдір отынға қосамыз дейді. Табиғи газды көп күткендердің бірі – Бағдәулет Исабев. Өткен қыс қатты болғандықтан, көмір қымбаттап кеткенін айтады. «Ауылға газ келетін болса, қиыншылық артта қалар еді», - дейді.

Биылғы жылы үлкен қыс болды, қатты салқын болды. Көмір қыстың күні 30 мың болды. Алыпсатарлардың қолына өтіп кетті деген сияқты. Негізі көмірдің бағасы ондай тұрмайды ғой. Құдай қаласа, газ беріп жатса, жылы, бала-шаға, үйде қартымыз бар. Жақсы болар еді, – деді Арыс ауылының тұрғыны Бақдәулет Исабаев.

Отырар ауданында 34 елді мекен бар. Ауылдарды табиғи газбен қамту жұмыстары тоғыз жыл бұрын басталған. 2017 жылы автоматтандырылған газ тарату станциясы салынып, аудан орталығына дейін 51 шақырым газ құбыры тартылған. Былтыр 3 елді мекенге табиғи отын жеткізілген. Биыл 9 елді мекенде газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін соның алтауы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылады деп күтілуде. Жоба құны – 2 млрд 67 млн теңге.

Бұдан бөлек, тағы да 13 елді мекеннің табиғи газбен қамту құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл аталмыш 13 елді мекен бойынша жобаларды толық аяқтау 2027 жылға дейін жоспарланған, – деді аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Дәулет Омарбек.

Жалпы Түркістан облысында 833 елді мекен болса, соның 470-і табиғи газбен қамтылған. Биыл өңірдегі 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы