Түркістан облыстық №2 облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің 32 аптасында алғашқы үшем дүниеге келді.
Үш сәби де – қыз балалар. Нәрестелердің туған кездегі салмақтары 1775 грамм, 1990 грамм және 1850 грамм болды. Сәбилердің анасы – Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылының 38 жастағы тұрғыны Орынбаева Тұрсынай. Мамандығы – дефектолог-логопед. Әкесі Орынбаев Мамыржан еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Бақытты отбасы бұған дейін де үш бала тәрбиелеп отыр: екі қыз және бір ұл. Дәрігерлер медициналық көрсеткіштерге сәйкес анаға кесарь тілігі арқылы ота жасап, сәбилерді аман-есен босандырып алды. Қазіргі таңда мерзімінен бұрын туған нәрестелердің жағдайы тұрақты. Үшемдерге туыстары Сафия, Садия және Самия есімдерін қойған, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Анасының айтуынша, жүктіліктің 14 аптасында №2 облыстық перинаталдық орталықтың Ана мен баланы қорғау бөлімінде ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер үшем күтіп отырғанын айтқан. Бұл жаңалықты естіген сәтте ерекше толқыныс пен қобалжу сезімін бастан өткергенін жеткізді.
Үшемдер 22 тәуліктен кейін үйлеріне 2018 грамм, 2010 грамм және 2008 грамм салмақпен шығарылып отыр. Осы уақыт аралығында сәбилер нәрестелер жансақтау бөлімшесінде және арнайы күтімді қажет ететін нәрестелер бөлімшесінде қажетті медициналық бақылаудан өтіп, жағдайлары толық тұрақтанған. Бүгінде ана мен сәбилердің денсаулығы жақсы. Ақ халатты абзал жандар сәбилерге дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, олардың өмірге бейімделуіне жан-жақты қолдау жасаған, - делінген хабарламада.
Салтанатты шығарып салу рәсімінде отбасы дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді. Үшемдердің дүниеге келуі тек отбасы үшін ғана емес, аудан тұрғындары үшін де үлкен қуанышқа айналды.
Айта кетейік, №2 облыстық перинаталдық орталықта 2024 жылы 3 үшем дүниеге келген. Ал 2026 жылдың басынан бері орталықта 1810 нәресте өмірге келсе, соның ішінде алғашқы үшемдер және 35 егіз тіркелген.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда таңғажайып жағдай болды. Келіншек жүкті екенін босанатын күні ғана білген.
Тағы оқи отырыңыздар:
Айхан, Ерхан, Рамазан: Атырауда үшем дүниеге келді
Атырау облысында жыл басынан бері үшінші үшем дүниеге келді
Димаш, Дәулет, Дина: Шымкентте үшем дүниеге келді