Түркістан облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің заңсыз рәсімделуіне қатысты бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Сауран ауданында жалған құжаттар арқылы жалпы көлемі 2 мың гектар жер жеке тұлғалардың атына заңсыз рәсімделіп, кейін олардың нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке өзгертілген. Бұл әрекеттер мемлекетке 320 млн теңге көлемінде залал келтірген. Осыған байланысты екі қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Төлеби ауданында да заңбұзушылықтар анықталды. Комиссия шешімінсіз 23 жер телімі заңсыз табысталып, нысаналы мақсаты өзгертілген және жалға алу мерзімі ұзартылған. Сонымен қатар, игерілмеген 39 жер телімі жеке меншікке берілген, - делінген хабарламада.
Аталған деректер бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Іс құжаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданып, процессуалдық шешім қабылданады.
Жалпы, 2025 жылдың бірінші тоқсанында облыс прокуратурасы бастамасымен мемлекет меншігіне кадастрлық құны 2 млрд теңгеден асатын жер телімдері қайтарылды.