Түркістан облысында 1500 шақырымнан астам жол жөнделді

16 Қаңтар 2021, 02:20
1164
Бөлісу:
Түркістан облысында 1500 шақырымнан астам жол жөнделді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 2020 жылдың қорытындысымен 828 нысан, оның ішінде 1525,4 шақырым жол мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Жылдық жоспар бойынша қалған 40 нысан, 449,4 шақырым жол келесі жылдарға өтпелі. Ал 2021 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 155 нысан қамтылып, 608,7 шақырым жол мен елді мекен көшелері жөнделетін болады. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 2020 жылдың қорытындысымен 79%-ға қол жеткізілді. 2021 жылдың жоспары ретінде 81,4%-ға жеткізу межеленген. Аталған индикатор көрсеткішін 2025 жылға дейін 89,8%-ға арттыру жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.

Облыс орталығы Түркістан қаласы бойынша көшелердің жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Асфальт жабындысы бар көшелер – 300,8 шақырымды (35,6%),тас және топырақ жабынды көшелер – 544,2 шақырымды (64,4%) құрап отыр. 2020 жылы 166,4 шақырым көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы көшелердің үлесі 23,7%-дан 35,6%-ға артқан.

Сонымен қатар, 2021 жылы Түркістан қаласының автомобиль жолдары саласын дамытуға 3,4 млрд теңге қаралып, 40,4 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады деп жоспарлануда.



Өзгелердің жаңалығы