Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары таныстырылды

1 Маусым 2021, 10:27
9885
Бөлісу:
Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын таныстырды.

Оның айтуынша, кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады.
Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 3,6 трлн теңге, оның ішінде жеке инвестициялар – 2,7 трлн теңге, 530,6 млрд теңге республикалық бюджеттен, 348,5 млрд теңге жергілікті бюджеттен. Өнеркәсіп саласында мұнай өңдеу зауытын, химия кешенін және тұрмыстық техника өндіру зауытын салу, сондай-ақ «ТURKISTAN» АЭА аумағын 973 гектарға ұлғайту және басқалары көзделген 26 іс-шара жоспарланған, - деді ол.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, ауыл шаруашылығын дамыту саласында 810 млрд теңгеге 93 инвестициялық жоба іске асырылып, Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құруды қосқанда, су тартқыш және сорғы стансасы қайта жаңартылып, ауыл шаруашылығы техникасы мен трактор паркі 37%-ке жаңғыртылады.

Өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қасқасу» тау шаңғысы курортына инфрақұрылым жүргізу, туристік-рекреациялық орталық, 3 қонақ үй, рухани-мәдени орталық және басқа да нысандар салу жоспарлануда.

Министрдің айтуынша, Жоспар арқылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту, газбен жабдықтау жұмыстарын жүргізу, электр желілерін жаңғырту және салу көзделуде. 

Нәтижесінде халықтың 100%-і сумен жабдықтаумен, 85,4%-і газбен жабдықтаумен қамтылады, электр желілерінің тозуы 49,6%-тен 46,4%-ке дейін төмендейді. Республикалық және жергілікті маңызы бар 2,3 мың шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99,5%-ке жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Әсет Ерғалиев.

Министр атап өткендей, денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көпбейіндік аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем стансасы, сондай-ақ Ана мен бала орталығы салынады.Үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою, сондай-ақ орын тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады. Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатын, сондай-ақ теннис орталығын, мұз сарайын, ат-спорт кешенін және басқа да нысандар салу жоспарланған.

Кешенді жоспарды іске асыру арқылы 2025 жылға қарай шамамен 40 мың жаңа жұмыс орны құрылып, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 есе артады. Өнеркәсіптің 35%-ке өсуі, еңбек өнімділігінің 52,1%-ке ұлғаюы, халықтың нақты кірісінің 54,8%-ке өсуі болжануда. Кешенді жоспарды уақтылы және толыққанды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы ЖӨӨ-нің нақты өсуі 6,3%-ті құрайды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы