Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қыздары Бахрейнде сексуалдық құлдықта болған

29 Наурыз 2021, 12:10
3333
Бөлісу:
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қыздары Бахрейнде сексуалдық құлдықта болған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның ішкі істер органдарының қызметкерлері адам саудасына қатысты 133 қылмыстық істі тергеп жатыр. Осыған байланысты 48 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.  Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов бүгін өткен брифингте мәлімдеді.

Адам саудасына байланысты қылмысқа қарсы күрес елімізде басты негізге алынған. Барлығын Ішкі істер министрі жеке бақылап отыр. Бахрейн Әмірлігінде жезөкшелікпен айналысқан қазақстандықтардың заңсыз саудасын ішкі істер органдарының қызметкерлері Интерпол қызметкерлері, Бахрейн Корольдігі және Ресей Федерациясының прокурорлары мен құқық қорғау органдарымен бірге анықтады. 2016 жылдан 2020 жылға дейін біздің елдің қыздары Бахрейн Әмірлігі аумағына жалданып, жезөкшелікке жіберілгені анықталды, - дейді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, жалпы осындай 39 жәбірленуші анықталған. Олар негізінен Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары.  

Қылмыстық іс бойынша 19 күдікті адам табылды, үшеуі іздеуде жүр. Соңғы 2 аптада дәл осы заңсыз қылмыстық бизнеске жұмылдырылған Қазақстанның жәбірленуші 6 азаматы анықталып отыр. Қыздар құқық қорғау органдарының белсенді жұмыстарының арқасында Түркиядан, Бахрейн Әмірлігінен, БАӘ-нен аман-есен оралды. Адам саудасы бойынша құрбан болған барлық жәбірленушілер өз отбасыларына қайтарылды, - деді тергеуші.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингтердің бірінде ресми өкіл Айбек Смадияров Бахрейнде Қазақстанға жыныстық құлдықтан оралған қыздардың ісіне Қазақстан азаматтарының қатысы бар екенін айтқан болатын.

Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы